Белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев Талғардағы трагедия туралы өткір пікір білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, осы оқиға Қазақстан билігінің бүгінгі шынайы келбетін, қоғамдағы әділетсіздіктің салдары қандай болатынын анық көрсетті.
«Талғар трагедиясы бүгінгі Қазақстан қоғамының шын бет-бейнесін ашатын оқиға. Мұнда ақиқат емес, күш пен биліктің үстем екені көрініп тұр.
Әділдік орнайды деген сенімнен айырылған қоғамда азаматтардың билік өкілдеріне деген күмәні күшейді. Жемқорлық мемлекеттік басқарудың әр деңгейіне тереңдеп еніп, билік қылмыстық санамен астасып кетті.
Бүгінде шенеуніктер «паханға», ал «пахандар» шенеуніктердің серігіне айналды», – деді саясаттанушы.
Қателігін қайталай беретін жүйе
Досым Сәтпаев мұндай қайғылы жағдайлар соңғы отыз жылда талай рет қайталанғанын, тек көпшілігі жұртшылыққа жетпегенін еске салды.
«Қазақстанның әр аймағында мұндай оқиғалар болып келді, бірақ олардың басым бөлігі жұрт назарына шықпады. Бір жерде жәбірленушілерді қорқытып-үркітсе, енді бір жерде шенеуніктер статистикаға зияны тиеді деп жағдайды жасыруға тырысты», – деді ол.
Саясаттанушы Талғар трагедиясына көпшіліктің назары ауып отырғандықтан, билік бұл істі тез арада жауып тастауға мүдделі екенін атап өтті.
«Жәбірленушілер мен марқұмның туыстарына билік өкілдерінің қатал қарым-қатынасы бұл істің ашық жария болғанына деген наразылықты аңғартады. Билік бұл трагедия қоғам назарына шығып кеткендіктен, тезірек жабылып, ұмыт болғанын қалайды. Өйткені дәл қазір тергеушілерге жоғарыдан қысым жасалуы да мүмкін. Бірақ бұл әділет орнату үшін емес, тезірек ұмыту үшін жасалатыны анық. Себебі Талғар трагедиясы биліктің беделіне ауыр соққы болды», – дейді саясаттанушы.
«Әділетті Қазақстан» идеясы шынайы ма?
Бұған дейін саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт те Талғардағы жағдай туралы ойын ашық айтқан еді. Оның сөзінше, трагедия Қазақстан билігінің бойындағы «пост-Қаңтар синдромын» тереңдетіп, үрейлі биліктің әділдік іздеген азаматтарға да күш көрсетуге дайын екенін анық көрсетті.
«Ақорда мен күштік құрылымдар «халық қайтадан көтерілмесін» деген үрейден әділет іздеп шырылдаған азаматтардың өзін үркітуге, айыппұл салуға, қамауға дейін баруда», – деді Шалқар Нұрсейіт.
Сарапшының пікірінше, «Әділетті Қазақстан» идеясы шынайы сенім болған кезде ғана іске асады.
«Әділетті Қазақстан билік «заң диктатурасын» орнатқанда емес, азаматтар мемлекетіне сеніп, соттың әділ шешім шығаратынына сенген кезде орнайды. Алайда ел байлығының жартысы 165 адамның қолына жиналған Қазақстанда бұл күннің жақын арада келуі екіталай», – деді ол.
Еске салсақ, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, 16 жастағы Шерзат Болат қаза тапқан еді. Осы іске қатысты Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, 11 адам қамауға алынды.
Айта кетелік, бұған дейін депутат Зайытов Талғардағы трагедияға қатысты өз пікірін ортаға салған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

