Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болып, кейін мемлекет меншігіне қайтарылған Алматыдағы әйгілі «Байсат» базары тағы да сатылмай қалды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
26 желтоқсанда өткен электронды сауда нәтижесіз аяқталған соң, ереже бойынша нысан бағасы тағы төмендеді.
Бұрын 28 миллиард теңгеге бағаланған ірі базардың үлесі қарашада 26,7 миллиардқа, енді 24,7 миллиард теңгеге дейін арзандады.
Келесі аукцион 2026 жылдың 5 ақпанында сағат 12:00-де sauda.e-qazyna.kz платформасында өтеді. Саудаға қатысу үшін 2,4 миллиард теңге көлемінде кепіл жарна енгізу міндетті.
Еске салсақ, 2024 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды жүздеген миллиард теңгеге бағаланған активтерін мемлекетке өткізген еді. Сол тізімде бизнес-орталықтар, қымбат көліктер, сирек монеталар мен эксклюзивті сағаттар бар.
Бас прокуратура экс-президенттің немере інісімен жасалған процестік келісім нәтижесінде мемлекетке жалпы сомасы 783 миллиард теңгенің активі қайтарылғанын мәлімдеген.
Айтпақшы, бұған дейін Сатыбалдының тоқалы елге үндеу жолдап, Қайрекеңнен көрген қорлығын жіпке тізген болатын.
«Мен оған ақша үшін тұрмысқа шықпадым. Қайрат маған Франция, Түркия және басқа елдерден өте қымбат вилла сыйлағысы келді. Бірақ мен бас тарттым. Ортақ баламыздың дүниеге келуі де оның қалауы болатын. Мен бірнеше жыл бойы оны жақсы танып-білу үшін жүктіліктен сақтанып жүрдім», – дейді Асылжан.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

