Алматыдағы ең ірі базарлардың бірі «Байсат» сауда орталығындағы мемлекеттің үлесі саудаға шығады деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұған дейін аталмыш актив бұрынғы президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалдының меншігінде болған еді.
Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компанияның мәліметінше, аукцион 2025 жылдың 18 қарашасында E-Qazyna электронды сауда алаңында өтеді.
Сауданың бастапқы бағасы 28,6 млрд теңге. Ашық форматтағы аукционға онлайн порталға тіркелген кез келген қатысушының қатысуына мүмкіндік бар.
Нысанды сату мемлекет меншігіне қайтарылған активтерді ел игілігіне жұмсау бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр. Саудадан түскен қаражат толығымен Арнайы мемлекеттік қорға аударылып, әлеуметтік жобаларға бағытталмақ.
Ertenmedia бұған дейін Қайрат Сатыбалдыдан тәркіленген құны жарты миллиард теңгеге жуық зергерлік бұйымдардың саудаға шығарылғанын жазған еді.
2024 жылы Бас прокуратура экс-президенттің немере інісімен жасалған процестік келісім нәтижесінде мемлекетке жалпы сомасы 783 миллиард теңгенің активі қайтарылғанын мәлімдеген.
Оның арасында элиталы көліктер, жылжымайтын мүліктер, бизнес орталықтары, сирек кездесетін сағаттар мен бағалы монеталар бар.