Сауранда егістік алқаптары толықтай дайындалып, көктемгі егіс науқаны қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін 5685,3 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Өткен жылы Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай дамып, егістік алқаптарында ауқымды жұмыстар атқарылды. Жыл қорытындысы бойынша 43,6 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Соның нәтижесінде 873,3 тонна өнім өндіріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда өнімділік 105,3%-ға артты. Бұл жетістік саладағы өсімнің айқын көрсеткіші.

Биыл аталған көрсеткіштерді одан әрі арттыру мақсатында 44,2 мың гектар жерге егістік дақылдарын орналастыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар 1,2 гектар жерге жылыжай өнімдері отырғызылды. Жаңа техникалар кеңінен қолданылып, су үнемдеу технологиялары енгізілуде. Жаңбырлатып және тамшылатып суғару әдістерінің көлемі артып, алқаптарды суарудың тиімділігі артуда.
Ауыл шаруашылығы – экономиканың негізгі тірегі. Осыған орай, егістік алқаптарын ұлғайту, өнімділікті арттыру және агротехнологияларды жетілдіру бағытында кешенді шаралар атқарылуда. Аграрлық сектордың даму қарқыны жоғары, алдағы уақытта одан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіледі деп күтілуде.