Сегіз блогер өз табысын ресми түрде жариялап, 1,2 миллиард теңгеге жуық кірісті декларациялаған, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінше, бұл блогерлер салық міндеттемелерін өз еркімен орындап, бюджетке 70,6 миллион теңге көлемінде салық төлеген.
«Сегіз блогер 1 165,1 миллион теңге табысын ресми түрде декларациялап, 70,6 миллион теңге көлемінде салық төледі», – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Алайда кірісін жариялаған блогерлердің аты-жөндері мен олардың табысты қалай декларациялағаны туралы нақты ақпарат әзірге жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін желіде блогерлердің тізімі тарады. Оның ішінде Мейрамбек Бесбаев, Алтынай Жорабаева, Ерке Есмахан сынды эстарада жұлдыздарынан бастап, продюсер Баян Алагөзова, танымал блогер, кәсіпкерлер де бар. Желіні шулатқан борышкерлер тізімінде көш басында блогер Бейбіт Әлібеков тұр. Жанында оның «2 миллиард 163 миллион теңге табыс тауып, салық төлемегені» көрсетілген. Кейін атақты продюсер Баян Мақсатқызы да 272 миллион теңгемен тізімге енген.
Еске салайық, қазақстандық блогерлерге салық төлеу үшін бір ай уақыт берілген болатын. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 594 блогер өз кірісін 53,3 миллиард теңгеге төмендетіп көрсеткен.
Енді оларға нақтыланған салық есебін тапсыру немесе 30 жұмыс күні ішінде түсініктеме беру міндеттелген.
Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитетінің Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова қазақстандықтардан блогерлердің табысына қатысты көптеген шағым түскенін айтты. Оның сөзінше, блогерлерге салық хабарламалары 2025 жылы ақпанда 2022-2023 жылдарға жүргізілген деректерді талдау нәтижесінде жіберілген.