Жоба аясында жабық түбірлік жүйе негізінде жылына 6 миллионға дейін көшет өсіретін питомник құрылатын болады. Мұндай әдіс өсімдіктердің жерсіну деңгейін едәуір арттырып, өңірдің орман қорын тиімді толықтыруға мүмкіндік береді.
Құрылыстың жалпы құны 3,5 млрд теңге деп бағалануда. Жоба лизинг тетігі арқылы және жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бүгінде 9 гектар жер телімі бөлініп, құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Алматы облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қанат Нүсіпбаевтың айтуынша, бұл бастама стратегиялық маңызға ие:
«Қонаев қаласында орман питомнигін құру – өңірді сапалы көшет материалымен қамтамасыз етумен қатар, аймақаралық деңгейде жеткізілім жасауға жол ашады. Бұл – экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға қосылатын зор үлес», – деді ол.
Жоба ормандарды қалпына келтіруден бөлек, жаңа жұмыс орындарын ашып, агробизнес үшін қосымша мүмкіндіктер туғызады. Сонымен бірге халықтың экологиялық мәдениетін арттыру және көгалдандыруға кеңінен тарту мақсатында ақпараттық-ағартушылық науқандар өткізу көзделуде.
Орман питомнигінің құрылысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басымдықтарға толық сәйкес келеді. Президент табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, экологияны қорғау және «жасыл экономиканы» орнықты дамудың негізгі тірегі ретінде дамытуға ерекше назар аударған болатын. Сарапшылардың пікірінше, Қонаевтағы питомниктің іске қосылуы өңірдің экологиялық инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосып, еліміздің оңтүстігіндегі орманды қалпына келтіру шараларының әлеуетін арттырады.