Сенат республикалық бюджет туралы заңды Мәжіліске қайтарды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Сенатор Сұлтанбек Мәкежановтың айтуынша, заң жобасын талқылау барысында тұрақты комитеттер мен депутаттардан оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 136 ұсыныс түскен. Бұл ұсыныстар салыстырмалы кестеге енгізілді.
«2025 жылғы шығындарды 60 миллиард теңгеге арттыру туралы ұсыныстар қолдау тапты. Бұл шығындардың көбеюі үкімет резервін қайта бөлу есебінен жүзеге асырылады», – деді ол.
Сенат кулуарында Мәулен Әшімбаев бюджет шығындарының 60 миллиард теңгеге артпағанын, тек қайта бөлінгенін атап өтті.
«Біз кейбір позицияларды қысқарттық, ал басқаларын толықтырдық, атап айтқанда, үкімет резервінен қаражат бөлдік. Жалпы бюджет көлемін арттырмай, азаматтарымыз бен ауылдық жерлердегі тұрғындар көтеріп жүрген өзекті мәселелер — жолдар, сумен жабдықтау, инфрақұрылымды дамытуға бөлдік. Ең алдымен, бұл — ауыз сумен қамтамасыз ету. Біз республикалық бюджеттің шығындарының бір бөлігін, атап айтқанда, 60 миллиард теңге сомасын қайта бөлдік», — деп түсіндірді Әшімбаев.