Мемкеңесшісі Ерлан Қарин президент Тоқаевқа парламент реформасына қатысты ұсыныстарды баяндады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Желтоқсанның 2-сінде парламенттік реформа бойынша құрылған жұмыс тобының екінші отырысы өтеді. Бірақ бұл жолғы талқылау жабық режимде, БАҚ өкілдерінің қатысуынсыз ұйымдастырылмақ.
Ақорданың мәліметінше, бір ай бұрын e-Otinish және Egov порталында іске қосылған «Парламенттік реформа» арнайы бөліміне көпшіліктен және қоғамдық белсенділерден 300-ге жуық ұсыныс түскен.
Бұған қоса, AMANAT, «Ауыл», «Ақ жол», Respublica, Қазақстан Халық партиясы және ЖСДП сынды алты саяси партия өз нұсқасын жолдап үлгерген.
Олар негізінен бір палаталы парламентке өту және парламенттік партиялардың өкілеттігін кеңейту мәселелеріне тоқталған. Алайда нақты ұсыныстардың мазмұны ашық айтылған жоқ.
Жұмыс тобының сарапшылары да өз тарапынан ұсыныстар енгізген. Қазір топ мүшелері барлық түскен идеяларды жинақтап, жан-жақты сараптауға көшкен. Президент Тоқаев барлық ұсынысты мұқият зерделеп, парламент жұмысын жаңартуға нақты тетіктер әзірлеуді тапсырды.
Бұған дейін реформаға қатысты алғашқы талқылауға журналистер де қатысқан еді.
Айта кетелік, Қазақстанда Сенат жойылып, Парламент бір палаталы жүйеге көшеді. Түнеукүні осы өзгерісті әзірлейтін жұмыс тобы құрылып, оның жетекшілігіне Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин тағайындалған.
Жаңа парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобына Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев пен ішкі саясат және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев орынбасар болып бекітілген.
Реформа аясында қазіргі Сенатты таратып, Парламентті толықтай пропорционалды сайлау жүйесі негізінде бір палаталы ету жоспарланған. Бастама 2027 жылға қарай толық жүзеге аспақ. Сарапшылар мұндай өзгеріс партиялардың ықпалын күшейтіп, елді басқаруда парламенттік көпшіліктің рөлін арттырады деп отыр.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Қосановтың қара көзілдірігі: Аналарды алаңға шығарған армия ақиқаты

