Милан мұз айдынында алтыннан алқа таққан Михаил Шайдоровты президент Тоқаев арнайы құттықтады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың айтуынша, құттықтауда мемлекет басшысы отандық мәнерлеп сырғанау тарихында тұңғыш рет Олимпиада чемпионы атанған Михаилдың жетістігін тарихи маңызы зор, айтулы жеңіс деп бағалаған.
«Еліміздің барша спорт жанкүйерлері мен жалпы қазақстандықтар бұл ерекше жеңісіңді зор мақтанышпен қарсы алды», – делінген Президенттің жеделхатында.
Сондай-ақ Тоқаев спортшыға жоғары шеберлігі мен қайсарлығы үшін алғыс айтып, оны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдады.
Мемлекет басшысы осы жеңіске зор еңбек сіңірген бапкерлер мен салаға жауапты министрлік өкілдеріне де алғыс білдірді.
«Олимпиада шыңын бағындырған Михаил Шайдоровтың алар асулары әлі де алда. Ел абыройын асқақтатар жеңістерің көп болсын», – деп тілек білдірді Президент.
Айта кетейік, қысқа бағдарламада бесінші орынмен қалып қойған Михаил еркін бағдарламада мінсіз өнер көрсетіп, 291,58 ұпай жинап, алтын медаль иеленген еді.
Қазақстанның мәнерлеп сырғанау тарихында бұған дейін тек Денис Тен ғана 2014 жылы Сочиде қола жүлдеге қол жеткізген. Ал қысқы Олимпиаданың тарихында алтын медаль бұған дейін тек шаңғышы Владимир Смирновқа ғана бұйырған болатын. Осылайша, Михаил Шайдоров Смирновтан кейін қысқы Олимпиада чемпионы атанған екінші қазақстандық спортшы ретінде тарихта қалды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

