Өрт қауіпсіздігіне картадағы «қызыл» нүкте деп қарамай, күнделікті тыныштықтың белгісі деп қараған жөн. Таяуда Ertenmedia.kz сайты тілшісі Шығыс Қазақстан облысына арнайы барған ҚР Төтенше жағдайлар вице-министр Кеген Тұрсынбаевпен сұхбаттасып, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы жайында кеңінен сұхбат құрды. Өз кеезгінде Кеген Тұрсынбаев тілшімізге Шығыс Қазақстан облысындағы ерікті бекеттер желісін кеңейту, техника мен байланыс дамыту, адамдарды қысқа модульдермен оқыту және алдын алуды маусымдық циклге айналдыру турасында ойын ортаға салды. Мұндағы мақсат қауіпті ауыл іргесінде тоқтату болып тұр екен.
– Кеген мырза, Шығыс Қазақстандағы ахуалды өз көзіңізбен көрдіңіз. «Ауыл құтқарушылары» жобасы аясында өңірді қандай өзгерістер күтіп тұр?
– Шығыста қауіпсіздік мәселелері географиялық жағдаймен тікелей байланысты. Тау, орман, өзен, ұзақ қыстың бораны – бәрі төтенше оқиғалардың бас көтеруіне себепші болады. Бүгінде облыста 357 елді мекен бар, онда 718 мыңнан астам адам тұрады. Ал ТЖМ бөлімшелері 125 елді мекенді, яғни 629 мыңға жуық тұрғынды қамтып отыр.
Бұған қосымша жергілікті атқарушы органдар құрған 57 өрт сөндіру пункті бар. Өкінішке орай, олардың 14-і ғана жыл он екі ай тұрақты режимде істейді. Біз енгізіп жатқан «Ауыл құтқарушылары» өртті «орталықтан келіп өшіреді» деген логиканы жойып, қауіп-қатерді алыс ауылдарда тез жоюға бағытталған. Жыл соңына дейін жаңа еріктілерден құралған бекеттерді ашып, техникамен жарақтандырамыз, адамдарды оқытамыз. Бұл – ғимарат салу ғана емес, ауылға жақындатылған қауіпсіздік мәдениетін орнату.
– «Жаңа бекет» деген ұғымға кеңірек түсінік бере кетсеңіз?
– «Жаңа бекет» дегенді қарапайым тілмен айтсақ, жоғары қысымды ұстайтын су сорғы, жолсызда жүретін шағын автоцистерна, мотопомпа, өзге де жабдықтар мен жеке қорғаныс құралдары. Сонымен қатар бұған табиғаттың қатал шақтарында тоқтаусыз жұмыс істейтін коммуникация құралдарын қосуға болады.
Бекет орналасатын жерде су көзіне еркін шығу жол болуы керек. Қыс мезгілінде жүйе қатып қалмайтындай инженерлік шешім қажет. Қарапайым көрінетін бұл бөлшектер төтенше жағдай орын алған кезде шешуші факторға айналады.
– Осының бәрін кім басқарады? Еріктілерге артылып жатқан жүк тым ауыр емес пе?
– Ерікті құралым – ауылдың өз күші. Ол жерде пеш қауіпсіздігін білетін азаматтар да, орманның жайын жетік білетін егде адамдар мен жастар да болуы мүмкін.
Біз романтиканы емес, кәсіби дағдыны ұсынамыз. Бекеттің бетке ұстар азаматтары қысқа модульдік курстар, апталық-жаттығулар, маусымдық сценарийлерді меңгеретін болады. Еріктілер алғашқы медициналық жәрдем, психологиялық тұрақтылық, байланыс тәртібі, қауіпсіздік техникасы бойынша нақты тренингтен өткізуді көздеп отырмыз.
«Алдымен адам, сосын техника» дейміз. Сондықтан ерікті азаматтың өмірін сақтандыру, шағын өтемақы, әлеуметтік қолдау тетіктерін де енгізетін боламыз. Еріктілік тек ерлікке сүйенбей, жүйелі әрекет ететін төтенше жағдайлар қызметкеріне айналатын болады.
– Қазіргі таңда төтенше жағдайлар орнына тез жету ең өзекті мәселенің біріне айналып отырғаны жасырын емес. ТЖ қызметкерлерінің реакция беру уақыты қалай қысқартуға болады?
– Оның екі жол бар. Біріншісі, географияны жақындату, яғни, бекеттер желісін көбейту арқылы қамту радиусын қысқартуға болады. Екіншісі, коммуникацияны дамытып, шақыру мен қабылдау алгоритмін қалыптасытруымыз керек. Айталық, бір-бірімен көрші жатқан ауылдармен өзара көмек картасы әзірлеу қажет. Ортақ радиоканал, жедел штабқа тікелей шығу бәрі-бәрі төтенше жағдай кезінде маңызды роль атқарады.
Біздер алдағы уақытта «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ауылды жерде цифрлық радиобайланысты енгізіп, қауіпті күндері SMS-хабарлама мен дауыс зорайтқыш арқылы ескерту жүйесін қалыпқа келтіреміз. Осылайша төтенше оқиға кезінде жедел әрекет ету ісіне қол жеткізуге болады деп ойлаймын.
– Әдетте қауіптің алдын алу туралы көп әңгіме болады. Бұл бағыттағы жұмыстар нақты іс барысында қалай көрініс табады, соны аз-кем түсіндіріп беріңізші?
– Ойыңыз дұрыс. Өртті сөндіріп күресуге болмайды. Ең дұрысы өрттің өзіне жол бермеу. Сондықтан әр ауылда тәуекел картасын жасап жатырмыз. Қураған шөп, электр желісінің әлсіз тұсы, орман жиегі, су көздері, қиын жететін аулаларда өрт қауіпсіздігін күшейтудің маңызы зор.
Бүгінде біздің қызметкерлер үй иелерін түтін дабыл бергішін орнатуға кеңес беруде. Сол секілді қора-қопсы маңында да жанғыш материалды үйіп-төгіп жинап қою қаншылқты қауіпті екенін түсіндіреміз. Көктемде – қураған шөпті өртемеу, жазда – демалушыларға ескерту, күзде – пеш маусымына дайындық, қыста – мұржа, газ жабдығы, электр сымын тексерудің маңызы зор. Бұл бір реттік акция емес, тұрақты циклге айналуы керек. Сол кезде жазатайым оқиғалардың саны қысқарады.
– Кеген мырза, «Жаңа бекеттер» мемлекетке қымбатқа түспей ме?
– Шалғай ауылға ауыр техникамен сағаттап жетудің орнына сол ауылда шағын бекет ұстау арзан әрі тиімді. Әлемдік тәжірибе де, өзіміздің есеп те бір көз жеткізген дүниеміз алдын алу жұмсалған қаражат апат салдарын жоюға кететін бірнеше теңгені үнемдейді.
– Кадр тапшылығы, жанармай шығыны, маусымдық бекеттер… бұл кедергілерді қалай айналып өтесіздер?
– Кедергілерді айналып өтпейміз, оны жүйелі түрде шешеміз. Кадрға келсек – еріктілерді оқыту жиілігін арттырамыз, аудан орталығындағы кәсіби мамандарды менторлыққа тартамыз. Маусымдық бекеттерді техника мен жылумен қамтамасыз етіп, тұрақты режимге кезең-кезең көшіреміз. Жанармай мен сервисті жоспарлы сатып алуға болады. Әр бекеттің айлық нормасы, шұғыл қор, қатаң есептеледі. Логистиканы дамыту үшін қысқы маршрут карталары жаңарту да ойда бар.
– Орманмен шектесетін ауылдар маңында төтенше жағдайдың алдын алуға қатысты қандайда бір бөлек шешім бар ма?
– Бар. Орман шаруашылықтарымен бірлесіп патрульдеу, орман жиегі мен ауыл арасындағы минералданған жолақтарды қалпына келтіру, бақылау мұнараларымен байланыс орнату, демалушыларға арналған ақпараттар, өрт қауіпті күні кіру режимін шектеу. Ең бастысы – ортақ радиоканал және жедел штабқа тікелей байланыс. Орман – тірі организм, оның «тынысын» түсінбесек, өртпен тек артынан жүреміз.
– Цифрлық байланыс жайында да айтсаңыз. Ауыл жағдайында ол қаншалықты жұмыс істейді?
– Біз цифрлық радиобайланысты кезең-кезең енгізіп жатырмыз. Бұл – әр бекетке дейінгі «тілсіз, кідіріссіз» арна. Ұялы байланыс жоқ жерде де радиоканал жұмыс істейді. Қалалық желілерден бөлек, төтенше арна ұсталады. Сонымен қатар қауіпті кезеңдерде SMS-хабарлама, мессенджерлік топтар арқылы жедел ескерту тетіктерін пайдаланамыз. Байланыс болмаған жерде қауіпсіздік болмайды.
– Сөз соңында, осы бағдарламаның философиясын бір ауызбен айтыңызшы.
– Өрт – табиғат пен адамның қателігін кешірмейді. Шығыстың желі қатты, орманы тығыз, қыс қатаң. Мұндай жерде қауіпсіздік алыстағы үлкен бөлімнен емес, іргедегі шағын бекеттен басталуы керек. «Ауыл құтқарушылары» – дәл осыны іске асыратын бағдарлама.
Біз «қауіп кезінде келеміз» деген уәдені «қауіпке дейін дайынбыз» деген мәдениетке айналдырғымыз келеді. Жаңа бекеттер техниканың ғана емес, сенімнің де тірегі болады. Егер ауылдағы адам «қажет болса, қасымдағылар жетеді» деп ойласа, демек біз дұрыс жолдамыз. Біздің мақсат – отты алысқа жібермей, қауіпті жақыннан тоқтату. Сол үшін техника да, тәртіп те, адам да дайын тұруы тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Нұралы ӘУБӘКІР