Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданында ауыл оқушыларын мектепке тасымалдау мәселесі біртіндеп шешіліп келеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Шалғайдағы шағын елді мекендерде білім алудың қолжетімділігі мен балалар қауіпсіздігі аймақтағы басым бағыттың бірі. Өйткені мұнда кейбір ауылдар мен мектептің арасы бірнеше шақырымға дейін жетеді.
Бұрын балалардың білімге ұмтылған жолы жаяу немесе жолай көлікпен жалғасса, бүгінде бұл көрініс өткен күннің еншісінде қалған.
Қазір аудандағы 65 мектептің 51-і орта, 6-уы негізгі, 8-і бастауыш мектеп санатына жатады. Орта мектебі жоқ ауылдардағы балалар көрші елді мекендегі білім ошақтарына жеткізіледі.
Жамбыл аудандық білім бөлімінің бас маманы Светлана Сүлейменованың айтуынша, бүгінде аудандағы 12 мектепте арнайы тасымал қызметі жолға қойылған.
Осы мақсатқа Golden Dragon маркалы қауіпсіз әрі заманауи 13 автобус бөлінген. Қазір осы көліктермен күн сайын 264 бала мектепке барып-қайтып жүр.
Оқушыларды тасымалдау тек ауылдардан ғана емес, аудан аумағындағы бау-бақша шаруашылықтарынан да ұйымдастырылған. Мысалы, Үлкен ауылындағы мектепке күн сайын «Энергетик» массивінен 9 оқушы, ал Қасымбек ауылына «Тұрар» массивінен 25 бала тасымалданады.
Сондай-ақ өз елді мекендерінде мектеп жоқ ауылдардың балалары көрші жердегі Құтпанбетұлы атындағы мектепке (21 оқушы), Қарасай негізгі мектебіне (30 оқушы), Таңбалытас (10 оқушы) пен Сұңқар (41 оқушы) мектептеріне қатынайды. Шолақ-Қарғалы ауылында негізгі мектеп қана болғандықтан, мұндағы 22 бала Үмбетәлі ауылына жеткізіледі.
Оқушылардың жол бойындағы қауіпсіздігі басты назарда: автобус ішінде тек отыратын орындар қарастырылған. Балаларға жол-жөнекей сынып жетекшілері бас-көз болып, бақылап отырады.
Жамбыл ауданы тұрғындары мемлекет тарапынан жасалған осындай жағдайға ризашылық білдіруде.
Шиен ауылының тұрғыны Әйгерім Абдуахатова: «Балаларымды алаңдамай мектепке жіберемін. Автобустар жылы, жайлы әрі өте таза. Жүргізушілер де жауапты әрі сенімді», – дейді.
Тағы бір ата-ана Әйгерім Күлшінбаева: «Мемлекет балалардың сапалы әрі қауіпсіз тасымалын жоғары деңгейде ұйымдастырып отыр. Автобустар заманауи, жүргізушілер ережені қатаң сақтайды. Балаларымызға осындай қамқорлық жасағанына алғысымыз мол», – деп атап өтті.
Осылайша, Алматы облысы Жамбыл ауданындағы ауыл балаларының қауіпсіз тасымалын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың нақты көрінісіне айналып, білім алудағы тең мүмкіндікті толық жүзеге асыруда.

