Ақтөбе облысының Шалқар қаласындағы №5 мектеп-лицейінің құрылысы жылдар бойы созылып, оқушылар әлі күнге дейін қауіпті ғимаратта білім алуға мәжбүр, деп жазады Ertenmedia.
Балаларының тағдырына алаңдаған ата-аналар президент Тоқаевқа видеоүндеу жолдап, көмек сұрады.
2018 жылы лицейдегі үш ауысымды оқу мәселесін шешу үшін мектепке қосымша ғимарат салу қолға алынған. Ол үшін бюджеттен 1,3 миллиард теңге бөлінгенімен, 320 орындық корпус құрылысы аяқсыз қалған.
«Қомақты қаражаттың игілігін көре алмадық. Балаларымыз қалыпты жағдайда білім ала алмай жүр. Ыстық тамақ мәселесі шешілмеді, кәріз жүйесі дұрыс жобаланбаған. Спортзал да дайын емес. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сізден №5 мектеп-лицейінің құрылысын тездетіп аяқтап, пайдалануға беру мәселесін шұғыл шешуді өтінеміз», – дейді ата-аналар үндеуінде.
Мектеп директоры Әлия Әбдіғапарова да ата-аналардың шағымымен келісіп отыр. Оның айтуынша, лицейде қазір шамамен 900 оқушы бар.
«Мектептің құжаттары жоқ, жаңа ғимараттың іші толық аяқталмаған. Ыстық тамақты сырттан тасымалдауға мәжбүрміз, өзімізде дайындайтын жағдай жасалмаған. Туалет тек бірінші қабатта ғана жұмыс істейді. Қалған балалардың көбі 1907 жылы салынған ескі ғимаратта отыр. 320 орындық корпус бәрін сыйғыза алмай тұр», – дейді директор.
Құрылыс басқармасының мәліметінше, нысан 2023 жылы 26 желтоқсанда ресми қабылданғанымен, пайдаланылмаған 34 млн теңге бюджетке қайтарылған. Кейін мәселе сотқа жеткен. Сот құрылыс толық аяқталмағандықтан, жаңа оқу жылын әлгі ғимаратта бастауға тыйым салған. Сонымен қатар, сот шешімімен мердігер «ГрадСтройСервис» компаниясы атқарылмаған жұмыс үшін 37,5 миллион теңгені кері қайтаруға міндеттелді.

