Алматы облысының Қарасай ауданындағы Шамалған ауылында орналасқан «Керуен» агрофирмасы бүгінде еліміздегі ауыл шаруашылығы саласындағы ең озық өндірістік үлгілердің бірі саналады. Бұл кәсіпорын жеміс өсіруден бастап, дайын шырын мен джем шығаруға дейінгі толық циклді іске асырып отырған заманауи агробизнес құрылымы. Әр өнім Vitamina брендімен нарыққа шығып, қазақстандық тұтынушылардың сеніміне ие болып үлгерді, деп жазады Ertenmedia.kz.
1999 жылы іргетасы қаланған компания алғашқы жылдары медициналық қызмет көрсету, қоғамдық тамақтандыру мен коммерциялық нысандар салу бағытында жұмыс істеген. Уақыт өте келе кәсіпорын өз әлеуетін ауыл шаруашылығы саласына бұрып, 2009 жылы экологиялық таза өнім өндіруге маманданған арнайы бөлімше ашты. Осы сәттен бастап «Керуен» компаниялар тобының басты бағыты сапалы алма өсіру мен табиғи өнім шығару ісіне айналды.
Кәсіпорынның ең үлкен жетістігі жемісті ұзақ уақыт сапалы күйде сақтау жүйесін енгізуі. Неміс технологиясы негізінде тұрғызылған 3,3 мың шаршы метр аумақты заманауи қойма 2200 тонна өнімге арналған. Мұнда 11 сақтау камерасы бар, оның жетеуінде газдық ортаны реттеу жүйесі орнатылған. Бұл жүйе жемістің табиғи қасиетін сақтап қана қоймай, бактериялар мен саңырауқұлақтардың көбеюін тежейді.
– Газдық ортаны тұрақты ұстау арқылы өнімнің бұзылу көлемін үш есеге дейін азайтуға мүмкіндік бар. Әрі жеміс тығыздығын, түсін және дәмін жоғалтпайды, – дейді компания бас директоры Тимур Асминкин.
Өндіріс желісіндегі құрал-жабдықтар да әлемдік стандарттарға сай. Жемісті сұрыптау желісі Нидерландыдан әкелінсе, шырын мен джем дайындайтын Kreuzmayr компаниясының технологиясы Австрияда жасалған. Мұндай желілер жылына 900 мың литрге дейін табиғи шырын және 500 тоннаға дейін джем мен повидло өндіруге мүмкіндік береді. Барлық өнім ешқандай қоспасыз, тікелей сығу әдісімен әзірленеді.
Кәсіпорын өз шикізат базасын да толық қамтамасыз етіп отыр. Шамалған маңында 69 гектар аумаққа отырғызылған алма бағында 100 мыңнан астам ағаш жеміс беріп тұр. Әрбір ағашқа тамшылатып суару әдісі қолданылған, бұл суды үнемдеп, өнім сапасын арттырады. Ал жұмысшыларға арналған тұрғын үйлер мен техникалық ғимараттар шаруашылықтың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасап отыр.
«Керуен» агрофирмасының басты ерекшелігі тұйық өндірістік цикл. Яғни, өнім өсіруден бастап оны өңдеу, сақтау және нарыққа шығару процестері түгелдей бір орталықта жүзеге асырылады. Мұндай тәсіл өнімнің экологиялық тазалығын, сапасын және өзіндік құнын бақылауға мүмкіндік береді. Vitamina бренді бүгінде тек ішкі нарықта ғана емес, сыртқы саудаға да шығуға дайын.
Қазіргі таңда компания ауыл шаруашылығындағы инновациялық тәсілдер мен экологиялық стандарттарды ұштастырып, отандық агроөнеркәсіптің жаңа моделін қалыптастырып отыр. Оның тәжірибесі өзге өңірлерге үлгі болып, қазақстандық кәсіпкерлердің ауылдағы өндіріске деген көзқарасын өзгертуде. Жеміс бағының әр түбірінде еңбектің, төзімнің және сапаға деген адалдықтың ізі бар.
Тимур Асминкин бастаған ұжым болашақта өндіріс қуатын арттырып, Vitamina өнімдерін халықаралық деңгейге шығаруды көздейді. Осындай кәсіпорындар көбейген сайын еліміздің агросекторына деген сенім де арта түспек. Қазақ жерінің дәмі мен еңбегі осындай табиғи өнімдер арқылы әлемге танылар күн алыс емес.