Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Шардара ауданына барып, «Шардара» су қоймасының маңындағы жағажайларды аралады. Өңір басшысы туристік нысандардың жағдайымен танысып, санитарлық тазалық пен қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексерді. Анықталған кемшіліктер бойынша жауапты тұлғалар мен кәсіпкерлерге нақты тапсырмалар мен ескертулер берілді.
Бүгінде демалушылардың қызығушылығын тудыратын орындар қатарында «Nurdelux», «ER I ZHAN», «Алтын жағалау» және басқа да демалыс аймақтары бар.
– Мемлекет басшысы еліміздегі барлық туристік маршруттардың жай-күйін реттеуді тапсырды. Бұл мәселе әрдайым бақылауда. Өңірде туристік аймақтарды ретке келтіру, санитарлық тазалықты сақтау бойынша жұмыстар екі жылдан бері жүргізіліп келеді. Бірақ кемшіліктер әлі де көп. Жағажайларды шұғыл түрде тәртіпке келтіріп, тазалық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіңіздер.
Демалыс аймақтарын иеленіп отырған кәсіпкерлер өз міндеттерін адал орындауы тиіс. Егер жағажайларға қойылған талаптар сақталмаса, келісімшарттар бұзылуы қажет. Тиісті басқармалар мен аудан әкімдігі қызметкерлері шапшаң әрі жүйелі жұмыс істеуі керек.
Демалыс аймақтарында тіркелген жұмысшылардың санын, салықтық төлемдерді нақтылап, жүйеге келтіріңіздер. Ең басты мәселе – демалушылардың қауіпсіздігі. Егер біз туризмді дамытамыз десек, тазалық пен қауіпсіздік бірінші орында тұруы керек. Жағажайда демалушылардың тазалық талаптарын сақтауын қадағалаңыздар, – деді Нұралхан Көшеров.
Жағажайларды аралағаннан кейін облыс әкімі аудан әкімдігінің ғимаратында жағажайлар мен туристік нысандардың қызметін реттеу жөнінде жиналыс өткізді.
– Туристік нысандар – біздің өңірдің келбеті. Мемлекет басшысы бұл бағытта нақты тапсырмалар жүктеді. Бүгін жаңа жағажайларды аралап, қауіпсіздік пен тазалық бойынша бірқатар кемшіліктерді көрдік. Төтенше жағдайлармен айналысатын мекемелер бұл жұмысты күшейтіп, олқылықтардың орнын толтыруы тиіс. Полиция тазалық талаптарының орындалуын, жағажай аумағында алкоголь өнімдерінің сатылмауын және тәртіптің сақталуын қадағалауы керек. Тұрғындардың қауіпсіздігі – ең басты міндет. Екінші мәселе – туристік нысандардың салық төлемдері. Жергілікті кірістер басқармасы бұл бағыттағы жұмысын күшейтсін, – деді облыс басшысы.
Нұралхан Көшеров «Қазсушар» мекемесіне, Шардара ауданы әкімдігіне және Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына демалыс орындарын тіркеу мен олардың қызметінің заңдылығын қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар жүктеді. Өз қызметіне салғырт қараған мекеме басшылары мен қызметкерлеріне қатысты тәртіптік шаралар қабылданатын болады.
Сондай-ақ, жағажайларда құтқарушылардың санын көбейту, суға тым жақын орналасқан нысандарды кері жылжыту, автотұрақтарды реттеу сынды қосымша тапсырмалар берілді. Мониторингтік жұмыстар жалғасып жатыр.