Түркістан облысының Шардара ауданында адам сенгісіз қатыгез оқиға болды. Денсаулығы нашар қарт әкесін аяусыз соққыға жығып, көшеде сүйреген ер адамның әрекеті жұртты шошытты деп хабарлайды Ertenmedia.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап кеткен. Бейнежазбада ірі денелі жігіттің егде жастағы кісіні қан-жоса күйінде көшеде сүйреп бара жатқаны анық көрінеді. Куәгерлердің сөзінше, ер адам өз әкесін аяусыз ұрып-соққан.
«Ұлы ауыр науқас әкесін қан-жоса етіп сабап тастады. Дәретханаға өзі бара алмайтын қария қорғансыз күйде қалып, туған ұлынан қорлық көрді. Бұны отбасы деп айту қиын, бұл – азап, бұл – нағыз қылмыс», – дейді оқиға куәгерлері.
Видео астына пікір қалдырған тұрғындар осы сәтте үй шаруасымен айналысып, ештеңе болмағандай кір жуып жүрген әйелдің әрекетіне де қайран қалды. Ал сол жерде болған кішкентай балалар бәрін өз көздерімен көрген.
Түркістан облысы полиция департаменті аталған оқиғаға қатысы бар күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді. Қазір бұл жантүршігерлік оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.