Елімізде ескі көліктер көбейсе, жол апатының қаупі еселеп артады. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жақында Ресейде кәдеге жарату алымының мөлшерлемесі күрт көтерілмек. Көрші елдегі бұл өзгеріс Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін? Министр Қанат Шарлапаев осы сұраққа жауап берді.
Оның айтуынша, Ресейдегі баға айырмашылығына байланысты Қазақстан нарығына ескі, экологияға зиянды әрі техникалық тұрғыдан қауіпті автокөліктер жаппай ағылуы мүмкін.
«Өкінішке қарай, Ресейдегі өзгерістің салдары бізге кері әсер етуі ықтимал. Бұл жағдай еліміздегі жол қозғалысының қауіпсіздігіне де тікелей қауіп төндіреді. Көптеген мемлекеттер мұндай автокөліктерді заң арқылы шектеп, өз нарығын қорғайды. Бізге де автохламның ағынын тоқтататын шараларды қолға алу қажет», – деді Шарлапаев Үкімет кулуарында.
Министрдің пікірінше, Қазақстан кәдеге жарату алымын реттеу бойынша көрші елдерден артта қалып қойған.
«Көрші елдер ескі көліктерді шектеуге арналған кәдеге жарату алымын арттырып жатыр. Ал біз бұл мәселеде әлі де артта келеміз. Сондықтан автохлам мәселесіне мұқият қарауымыз қажет», – деп түйіндеді Шарлапаев.

