Бүгінде ауыл шаруашылығы саласы экономикалық өсімнің нақты драйверіне айналып отыр. Шарулар мемлекеттік қолдау, жаңа технологиялар мен ғылыми тәсілдердің шараптын көріп келеді. Көл-көсір жұмыстың арқасында еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық әлеуеті артып, өңірлік аграрлық көшбасшы ретінде беделі беки түсті.
Биыл егін жинау науқаны еліміздің аграрлық саласы үшін ерекше табысты жылдардың бірі болды деп айта аламыз. Себебі маусым рекордтық көрсеткішпен есте қалды.
Дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 17 центнерге жетті. Бұл – соңғы екі жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім:
• 2023 жылы – 11 ц/га,
• 2024 жылы – 15,2 ц/га.
Мұндай нәтижеге жетуге ауыл шаруашылығы мамандарына уақытылы қаржылық қолдау көрсету және тыңайтқыштарды кеңінен қолдану мүмкіндік берді. Үш жылдың ішінде минералды тыңайтқыштарды пайдалану көлемі 0,7 млн тоннадан 1,8 млн тоннаға дейін артқан.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемі де айтарлықтай ұлғайып, 140 млрд теңгеден 700 млрд теңгеге дейін, яғни шамамен 1 трлн теңгеге жетті. Қызығы, егіс алқаптарының көлемі азайғанымен, жалпы өнім көлемі өсе түскен.
Бұл – ауыл шаруашылығының тиімділігі артып, жерді ұтымды пайдаланудың нәтижесі. Мәселен, дәнді дақылдардың егіс көлемі 2023 жылы 17,5 млн гектардан, 2025 жылы 16 млн гектарға дейін қысқарған, бірақ соған қарамастан жалпы өнім ұлғайған. Жалпы, 16 миллион гектар алқаптан 27 миллион тонна астық жиналды.
Ал орташа өнімділік гектарына 17 центнерді құрады (2024 жылмен салыстырғанда 5%-ға жоғары). Сондай-ақ биыл бидайдың 20,3 миллион тоннасы бастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жарты миллион тоннаға артық.
Маңыздысы – өсім егіс көлемі 900 мың гектарға қысқарғанына қарамастан орындалып отыр. Бұл – агротехнологияларды тиімді енгізудің нәтижесі деп түсіндіреді ауыл шаруашығындағы мамандар.

