Банктер туралы жаңа заңнан жақсылық күткен Қазақстанның қаржы секторы абдырап отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Forbes Kazakhstan-ға сұхбат берген Халық банкінің төрайымы Үміт Шаяхметова құжаттағы бірқатар нормаға сын айтып, олардың саланы дамытудың орнына кері тартып жатқанын жеткізді.
Қаржыгердің айтуынша, қолданыстағы банк заңы сонау 90-шы жылдан бері айтарлықтай жаңармаған. Содан болар банктер цифрландыру, жасанды интеллект, финтех пен экожүйе сияқты әлемдік үрдісті қамтитын, заманға сай заң болады деп үміттенген. Алайда ұсынылған құжат үдеден шықпай отыр. Жаңа заң банктердің потенциалын кеңейтудің орнына, реттеу талаптарын бұрынғыдан бетер күшейткен.
«Заңды әзірлеуге біз де атсалысып, реттеушімен бірге талай мәселені талқыладық. Заңгерімізді, тәуекелді басқаратын мамандарды, киберқауіпсіздік сарапшыларын түгел жұмылдырдық. Өкінішке қарай, банктердің ұсынысы толық ескерілмеді. Біз реттеушіден көбірек мүмкіндік сұраған едік, бірақ одан да қатал шектеуге ұшырадық», – дейді Үміт Шаяхметова.
Оның айтуынша, дәл осы жағдай қаржы нарығындағы банктер мен финтех-компаниялар арасындағы бәсеке балансын бұзуы мүмкін.
Банктерге шүйліккен депутаттар
Шаяхметова заң жобасын талқылау кезінде кейбір депутаттың банктерді орынсыз сынап, популистік мәлімдемеге жиі бой алдыратынына да алаңдаулы.
«Кей депутат банктерді елдегі ең үлкен проблема етіп көрсетеді. Шындығында банк саласы ел экономикасының ең инновациялық әрі дамыған бағыты. Банктер шағын және орта бизнесті, жалпы экономиканы қаржыландырады, бюджетке ірі көлемде салық төлейді, технологияға инвестиция салады. Бізде бұл туралы айту әдетке айналмаған», – дейді банкир.
Төрайымның сөзіне қарағанда, банк саласы шайқалса, ең алдымен экономикаға зардабы тиеді. «Халыққа ұнау үшін түрлі мәлімдеме жасау әдетке айналып кетті ғой, түптеп келгенде банк болмаса, экономика да тоқырайды», – дейді ол.
Банк құпиясы келмеске кетті ме?
Клиенттің барлық қаржы операциясы туралы мәліметті күн сайын автоматты түрде мемлекеттік органдарға тапсыру талабы жаңа заңдағы ең даулы тұстың бірі. Үміт Шаяхметова әлгі талап банк құпиясы қағидатын бұзып қана қоймай, нарықта ондаған жылдар бойы қалыптасқан сенімді шайқалтып жіберуі мүмкін деп отыр.
«Қазақстанда банк құпиясы қатаң сақталғаны үшін азаматтар қаржы институттарына сеніп, 98 пайыз транзакциясын қолма-қол ақшасыз жүргізеді. Тіпті дамыған елдердің өзінде халық банктерге күмәнмен қарап, ақшасын жастығының астына сақтайды. Біз осындай деңгейге жеткен сенімді жоғалтып алмауымыз керек», – дейді ол.
Жаңа заңда клиенттердің жеке мәліметі қалай қорғалатыны, кім жауап беретіні нақты жазылмаған. «Бұл ма, бұл азаматтардың қаржы қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін мәселе», – дейді банкир.
Банкротқа ұшыраған банкті құтқару кімнің мойнында?
Қиын жағдайға тап болған банктерді сауықтыру нормасы да Шаяхметованы алаңдатып отыр. Жаңа ережеге сәйкес, банк дағдарысқа ұшыраса, оның шығынын бірінші кезекте акционерлері мен кредиторлары өтеуі тиіс.
Мұның өзі жеткіліксіз болған жағдайда басқа банктер де қаржы құюға мәжбүр болады. Шаяхметова бұған үзілді-кесілді қарсы.
«Банк құзға құласа, оны қадағаламаған реттеушіден сұрау керек. Бүгінде нарықта депозитті жоғары пайызбен жинап, агрессивті несие беріп жатқан бірнеше банк бар. Олардың тәуекелін бақылау біздің міндет емес. Біз депозиттерді сақтандыру қорына тоқсан сайын қыруар қаржы құйып отырмыз. Енді тағы бір қосымша қорға ақша жинау қисынсыз», – дейді ол.
Шаяхметова кезінде мемлекет көмек берген банктерден ақшаны мерзімінен бұрын қайтаруды құптамай отыр. Оның пайымынша, бұл инвесторлардың сенімін селдіретіп, болашақта банк секторына жаңа капитал тартуға кедергі келтіреді.
Алаяқтармен күрес және клиенттің қателігі
Банк басшысы алаяқтықпен күрес мәселесін де назардан қалдырмады. Бұған дейін алаяқтар үшін делдал қызметін атқарып келген «дроппер» дейтіндер жазадан тыс қалып отырған.
«Бұрын мұндай қылмысқа тек банк жауап беретін. Енді байланыс операторы мен делдалдарға да жаза енгізілді. Десе де, әлі күнге дейін клиенттің қателігі үшін жауапкершілік банк арқалайды», – деді ол.
«Мемлекет мұндай жағдайда көбіне «шығынды банк өтесін» деген ұстанымда. Бірақ бұл дұрыс емес. Банктер алаяқтармен күресуге дайын, бізге бірінше кезекте полицияның қимылдағаны керек», – дейді төрайым.
Үміт Шаяхметованың пікірінше, Қазақстанның банк жүйесі қазірдің өзінде әлемдегі ең озық нарықтың бірі. Шетелдік инвесторлар біздің мобильді қосымшаларға, онлайн ипотека рәсімдеуге, автокөлікті қашықтан тіркеуге таңғалып жатады екен.
Сөй деген банк басшысы мемлекеттен бір-ақ нәрсені сұрап отыр. «Бізге ешқандай көмек керек емес. Бастысы жұмыс істеуге мүмкіндік беріңіздер», — дейді Шаяхметова.
Бұған дейін Ertenmedia мемлекеттің триллионын жұтқан банктерге Әбілқасымованың «үш деңгейлі тұзағы» құрылғанын жазған болатын.

