Марқұм Шерзат Болаттың әпкесі Бақыт Реимова 15 тәулікке қамалып, Қазақстаннан депортациялануы мүмкін деген сот шешімі шықты.
Алайда оның адвокаты бұл шешімнің заңсыз екенін айтып, шағым түсіретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Адвокат Мейірман Шекеевтің айтуынша, қазір Бақыт Реимова Ұзынағаштағы уақытша ұстау изоляторында отыр.
«Біз Бақытпен кездесіп, апелляциялық шағым дайындадық. Оған Әкімшілік кодекстің 488-бабы бойынша, яғни шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты айып тағылған. Сот оны Қазақстаннан депортациялау туралы шешім шығарған. Алайда біз сот шешімімен келіспейміз. Өйткені, қаулыда бірқатар заңбұзушылықтар анық байқалады. Реимоваға «заңсыз митинг ұйымдастыруға шақырды» деген айып тағылғанымен, іс материалдарында оның ұйымдастырушы болғаны дәлелденбеген», – дейді адвокат.
Шекеевтің пікірінше, сот Қазақстан қол қойған халықаралық талаптарды елемеген.
«Сот Бақыттың баласының құжаттарын сұратты. Оның баласы Қазақстанда туған, Қазақстан азаматы. Халықаралық нормалар бойынша ана мен баланы бір-бірінен ажыратуға тыйым салынады. Бұған қоса, Бақыт Реимова – этникалық қазақ, қолында қандас екенін растайтын құжат та бар. Ол Қазақстаннан басқа елге бара алмайды, себебі оның жалғыз Отаны – Қазақстан. Біз оның кінәсіздігін дәлелдеп, Қазақстанда қалдыруға бар күшімізді саламыз», – деді адвокат.
Контекст
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев өлі табылған еді. Полиция оның өз-өзіне қол салғанын мәлімдеп, дәлел ретінде туысына жазған хатын жариялаған. Кейін жерлеу рәсімінен соң марқұмның әкесі де 15 тәулікке қамалды. Сонымен бірге, отбасының өзге де мүшелеріне қатысты сот шешімі шыққан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

