Шерзат Болаттың өліміне қатысты жәбірленуші тараптың мүддесін қорғаған адвокат Мейірман Шекеев Талғар ауданының әкімдігіне арнайы ұсыныс жолдады.
Ол жасөспірімнің есімін қаладағы көшелердің біріне беруді ұсынып отыр деп хабарлайды Ertenmedia
Шекеевтің айтуынша Талғар қаласындағы Менделеев немесе Руставели көшесінің бірі Шерзат Болаттың есімімен аталуы мүмкін.
«Шерзат ақын да, жазушы да емес еді. Бірақ оның қайғылы тағдыры қоғамды оятып, әділеттілік үшін күрестің символына айналды. Оның есімі халықтың есінде қалуы тиіс деп санаймын», – деді адвокат.
Шерзаттың қазасы қоғамда үлкен резонанс туғызған еді. Оның ісі тек құқық қорғау органдарының қызметі тұрғысынан ғана емес, жалпы адам құқықтары мен әділеттілік мәселесі ретінде кеңінен талқыланды.
Әсіресе жастар арасында Шерзат Болаттың есімі әділдік жолындағы күрестің айқын көрінісіне айналды.
«Бұл бастаманың негізгі мақсаты Шерзаттың атын аймақ тарихында қалдыру, қоғамның әділеттілікке деген ұмтылысын көрсету. Мұндай шешім азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруға ықпал етеді», – дейді Шекеев.
Қазіргі таңда ұсыныс Талғар қаласының әкімдігінде қаралуда. Соңғы шешім жергілікті мәслихат депутаттары мен қоғам өкілдерінің пікірін ескере отырып қабылданады.
Еске сала кетейік, 5 маусым күні Талғарда Шерзат Болаттың өліміне қатысты сот ісі аяқталған болатын. Жасөспірім құрдасының қолынан қаза тапқан еді.