Алматы облысы Талғар қаласында 4 қазанға қараған түні қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Болаттың туыстары күдіктілердің түгел ұсталып, әділ жазаға тартылуын талап етіп отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Марқұмның әпкесі Бақыт Реймованың айтуынша, төбелеске қатысқан адамдардың бәрі қамауға алынбаған. Ол қоғам назарынсыз іс алға жылжымайтынын айтып, резонанс қажет екенін жасырмады.
«Біз барлық қатысушының ұсталғанын, көзімізбен көргіміз келеді. Теледидарға да сондықтан шығып жүрміз. Егер шу болмаса, ешкім тыңдамайды. Інім әскери қызметкер болуды армандады. Армандары өзімен бірге кетті. Осындай қасірет болмауы керек еді», – деді ол.
Бақыт Реймова бауырының аса қатыгездікпен өлтірілгенін айтады. Оның сөзінше, қанды оқиға анасының көз алдында болған.
«16 жастағы баланы бірнеше ересек ер адам жабылып өлтірді. Қансырап жатқан кезінде артынан келіп, темір затпен ұрған. Мәйітті өз көзіммен көрдім. Басының жағдайы адам шошырлық еді. Әкемді сабап, бауырымды үш жерінен пышақтаған. Бір сыра бермегені үшін, әкесін қорғағаны үшін ажал құшты. Осындайдан кейін оларды қалай босатып жібереді? Әділдік қайда?» – дейді марқұмның әпкесі.
Марқұмның жақындары әділдікке жеткісі келеді
Туыстарының мәліметінше, төбелеске кемінде 13 адам қатысқан. Алайда полиция жеті адамды ғана ұстаған. Осы жайт та жақындарының ашу-ызасын туғызған.
Шерзат Болаттың әкесі де бейнеүндеу жариялап, істі әділ тергеуді талап етті. Алматы облысының полиция департаменті жасөспірімнің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, оқиғаға қатысы бар адамдардың барлығы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«Кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Барлық қатысушы анықталып, қамауға алынды. Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», – деді ПД бастығының орынбасары Мәлік Қабдуалиев.
Сондай-ақ төбелес кезінде Шерзаттың ағасына үш рет пышақ салынғаны белгілі болды. Қазір ол ауруханада ем қабылдап жатыр. Қайғылы оқиға 4 қазанға қараған түні болған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

