Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан Шерзат Болаттың ісіне қатысты мән-жайды айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Депутат соңғы күндері Талғардағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс қоғамда қызу талқыланып жатқанын, сондықтан депутат, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақпен бірге Алматы облысына арнайы барғанын мәлімдеді.
«Істің барысын зерделеу мақсатында Алматы облысы прокуроры Берік Абызбайұлымен, Облыстың Полиция департаментінің басшысы Мейрам Жұмкенұлымен жолықтық. Мен, заңгер ретінде, бұл ауыр жағдайларды құқықтық тұрғыда қарастырудың маңыздылығын атап өткім келеді. Мұндай істерде қоғам тарапынан жасалған қысым тергеу амалдарының объективті әрі жан-жақты жүргізілуіне кері әсерін тигізуі мүмкін», — деп ескертті депутат.
Абзал Құспанның сөзінше, прокуратураның ресми ақпаратына сәйкес, қасақана кісі өлтіру күдігімен 11 адам адам ұсталған.
Қазіргі таңда тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Осы іс бойынша 170 астам куәгерлерден жауап алынып, 40 жуық сараптама тағайындалып, жан-жақты тергеліп жатыр. Сонымен қатар, Шерзат Полаттың ағасы Н. Ғайыпбаевтың өлімі де Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің бақылауында екенін атап өткен жөн. Ол бойынша сот-медициналық сараптамалар жүргізілуде», — деді депутат.
Еске салайық, 9 желтоқсанда Алматы облысында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев өлі табылған еді. Полиция департаментінің алдын ала деректері бойынша ол суицид жасаған. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Ал жерлеу рәсімінен соң Шерзаттың әкесі ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Кейін сот шешімі шығып, ол 15 тәулікке қамалды. Шерзат Болаттың өзге де туыстарына қатысты сот үкімі шықты. Оның ішінде Шерзаттың әпкелері де бар.