Шерзат Болаттың ісіне қатысты күдіктілерден тергеу изоляторында заңсыз пайдаланылған телефон мен «Әлиса» құрылғысы тәркіленді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Ерлан Адаевтың айтуынша, оқиға Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы уақытша ұстау изоляторында болған. Адвокат осы оқиғаға байланысты құзырлы органдарға сұрау жіберген.
«Қазір лауазымды тұлғаларға қатысты қызметтік тергеу аяқталды. Қорытынды Алматы облысының полиция департаментіне жолданды. Оқиғаға жауапты қызметкерлердің бәрі анықталып, тәртіптік жауапкершілікке тартылмақ. Ұсталғандардан алынған заңсыз заттар – ұялы телефон мен Яндекс-колонка іс материалдарына қосылды. Сондай-ақ бейнекамера жазбалары тексерілді», – деді адвокат.
Жақында әлеуметтік желілерде Шерзаттың өлімі бойынша күдіктілердің уақытша ұстау орнында туған күн атап өткен видеосы тараған еді. Бұл оқиға қоғамның наразылығын тудырған.
Осыдан кейін Алматы облысының полиция департаменті оқиғаға қатысты қызметтік тексеріс басталғанын мәлімдеді.
«Изоляторда күдіктілердің туған күн тойлаған видеосына қатысты тексеру жүріп жатыр. Кінәлі қызметкерлер, оның ішінде басшылық та жауапқа тартылады. Оқиғаға себеп болған жағдайлар толық анықталып, тергеу ерекше бақылауға алынды», – деп мәлімдеді полиция.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың 4 қазанында Алматы облысы Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Болат қаза тапты. Кейін марқұмның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев та өлі күйінде табылған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

