Шерзат Полаттың өлімі бойынша сотта жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев моральдық шығын ретінде марқұмның жақындарына төленуі тиіс өтемақының мөлшерін атады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Адвокаттың айтуынша, негізгі моральдық және материалдық шығындарды өтеу Шынасыл Абзал мен Равиль Сәкиевтен талап етілген.
Атап айтқанда, марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымовқа баласының жерлеу рәсіміне жұмсалған қаражат ретінде Шынасыл Абзалдан 2 млн 794 мың теңге өндіріп беру сұралған.
Сондай-ақ, адвокат соттан марқұмның ата-анасы мен әжесіне келтірілген моральдық зиян үшін өтемақы өндіруді талап етті:
Әкесі Қаржаубай Нұрымовтың пайдасына Абзал Шынасыл мен Равиль Сәкиевтен 100 миллион теңге (әрқайсысынан 50 миллион теңгеден);
Анасы Гүлбара Бейшембиеваның пайдасына Абзал Шынасыл мен Равиль Сәкиевтен 100 миллион теңге;
Әжесі Жұмабике Қадыроваға Абзал Шынасыл мен Равиль Сәкиевтен 100 миллион теңге көлемінде өтемақы өндіру сұралған.
Оған қоса, Шыңғыс Белқожаев, Дархан Әскентай, Нұрқияс Ильясов, Азамат Тоқтаубаев, Нұрболат Тоқтаубаев және Дидар Қалиахметтен Қаржаубай Нұрымовтың пайдасына жалпы сомасы 120 миллион теңге, яғни әрқайсысынан 20 миллион теңге моральдық өтемақы талап етіліп отыр.
Дәл осындай сома – әрқайсысынан 20 миллион теңге – марқұмның анасы Гүлбара Бейшембиева мен әжесі Жұмабике Қадыроваға да сұралған.
Адвокаттың айтуынша, аталған моральдық өтемақы мөлшері психолог мамандардың арнайы зерттеу қорытындысы негізінде белгіленген. Сонымен қатар, жерлеу рәсіміне жұмсалған қаражатты растайтын түбіртектер сотқа қосымша ұсынылған.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың 4 қазанында Талғар қаласында жаппай төбелес болып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Полат пышақ жарақатынан көз жұмған еді. 2025 жылдың 17 сәуірінде сот негізгі сот талқылауын бастап, прокурор Шерзат Полаттың қалай қаза тапқанын толық баяндап берген болатын.