Қоғам белсенділері Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz Orda.kz-ке сілтеп.
Мәлімдемеге Қазақстанның әр өңірінен 78 адам қол қойған. Олардың барлығы Тоқаевтан Талғардағы қайғылы оқиғаға қатысты Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінен арнайы тергеу жүргізуді сұрайды.
«Жәбірленушілерге қысым көрсетуді тоқтатыңыз және олардың қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіңіз. Қазақстанның Бала құқықтары туралы конвенция бойынша міндеттемелерін, соның ішінде қорғау, өмір сүру және Шерзат ісінің әділ тергеу құқығын толықтай бақылауға алыңыз», — делінген хатта.
Қайғылы оқиға 2 айдан астам уақыт бойы жәбірленушінің отбасына жүйелі қысым көрсетіп жатқаны айтылды.
Еске салайық, 9 желтоқсанда Алматы облысында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев өлі табылған еді. Полиция департаментінің алдын ала деректері бойынша ол суицид жасаған. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Ал жерлеу рәсімінен соң Шерзаттың әкесі ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Кейін сот шешімі шығып, ол 15 тәулікке қамалды. Шерзат Болаттың өзге де туыстарына қатысты сот үкімі шықты. Оның ішінде Шерзаттың әпкелері де бар.