Талдықорғанда 16 жасар Шерзат Полаттың өліміне қатысты атышулы іс қайтадан сот талқылауына түспек.
Бұған дейін кінәлі деп танылған тоғыз сотталушының барлығы дерлік сот үкімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Бұл туралы істің мән-жайын жетік білетін адвокат Мейрман Шекеев хабарлады деп жазады Ertenmedia.
«Халықтың тарапынан көптеген сұрақ келіп жатыр. Кейбірі марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубайдың жан сақтау бөліміне түскені туралы сұрауда. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Сонымен қатар, сот шешіміне қатысты сауал көп. Апелляциялық шағым 21 маусым күні түсті. Сотталушылар үкім шыққаннан кейін 15 күн ішінде шағым беруге құқық беріледі. Менің білуімше, барлық сотталушы бұл мүмкіндікті пайдалануға бел буған. Апелляциялық отырыстың уақыты мен күні анықталғаннан кейін хабарлайтын боламыз», – деді адвокат.
Еске сала кетейік, 5 маусым күні Талдықорғанда 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты резонансты сот ісі аяқталған болатын. Сот шешімі бойынша, істегі 9 айыпталушының бәрі кінәлі деп танылды.
Тергеу қорытындысында Шерзаттің өліміне әкелген ауыр соққыны Абзал Шынасылдың жасағаны анықталды. Ол ең ауыр жаза 23 жыл бас бостандығынан айыру жазасын алды. Қалған айыпталушыларға 1,5 жылдан 20 жылға дейінгі аралықта жаза кесілді.
Сот сондай-ақ, марқұмның отбасына моральдық шығын ретінде Шынасылдан 60 млн теңге, Сәкиевтен 30 млн теңге және қалған қатысушылардан ортақтасып 30 млн теңге өндіріп беруді үкім етті. Алайда жәбірленуші тарап бұл өтемақыны жеткіліксіз деп санайды.
Іске төрелік еткен судья Ержан Жанұзақов қосымша қаулы шығарған болатын.
Прокуратураға төрт куәгердің әрекетін, оның ішінде Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелді тексеру ұсынылды. Бұлар қайғылы оқиға күні айыпталушылармен бірге болған және оқиғаға қатысы болуы мүмкін деген күдік бар.
Енді іс апелляциялық сатыда қайта қаралады. Келесі сот отырысының нақты күні әзірге белгісіз.