Алматы облысында баспанасыз қалған отбасыға қысқа мерзімде жаңа үй салынып берілді. Бұл шешім облыс әкімінің тапсырмасымен жүзеге асырылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бір жылға жуық уақыт бұрын Азат ауылының тұрғыны Шерзат Полаттың отбасы ауыр жағдайға тап болған еді. Өрт салдарынан олардың үйі толық жанып, отбасы баспанасыз қалған.
Осы оқиғадан кейін жергілікті билік мәселені бақылауға алып, нақты қолдау шараларын қолға алды. Аудан әкімдігі мен меценаттардың бірлескен көмегі нәтижесінде отбасыға жаңа тұрғын үй салу туралы шешім қабылданды.
Қысқа уақыт ішінде заманауи талаптарға сай үй тұрғызылып, барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді. Құрылыс жұмыстары толық аяқталып, баспана пайдалануға берілді.
Бүгінде Шерзат Полаттың отбасы жаңа үйге қоныстанып, қоныс тойын атап өтті. Жаңа баспанада жайлы өмір сүруге барлық жағдай жасалған.
Бұл жағдай өңірде әлеуметтік жауапкершілік пен қолдаудың нақты іске асқанын көрсетеді. Қиындыққа тап болған отбасыға дер кезінде көмек көрсету – қоғамның бірлігі мен жанашырлығының көрінісі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







