Талғарда бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан жасөспірімнің туыстары тергеудің әділетсіз жүріп жатқанын айтып, наразылық білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қайғылы жағдай Алматы облысының Талғар қаласында болған. 10-сынып оқушысы Шерзат Болат ата-анасына тиесілі дүкенге кездейсоқ келген. Дәл сол сәтте дүкеннен сыра сатып алып, ақысын төлемей кетпек болған бір азамат пен Шерзаттың әкесі арасында кикілжің туындаған. Ақырында әлгі азамат көмекке бір топ жігіт шақырып, дүкен иесі мен оның ұлына және туыс ағасына шабуыл жасаған.
Қолдарында суық қаруы бар қаскөйлер жасөспірімді аяусыз соққыға жыққан. Осы оқиға бейнежазбаға түсіп, әлеуметтік желіде тараған. Шабуылдан ауыр жарақат алған Шерзат аурухананың жансақтау бөлімінде жан тапсырды.
Жасөспірімнің әпкесі Бақыт Реймова полицияның істі әділетсіз тергеп жатқанын, қылмысқа қатысушылардың толық ұсталмағанын алға тартты.
«Қазір Талғарға бара жатырмын. Тергеу тоқтап тұр. Оқиғаға қатысқан адамдардың жартысын ғана ұстаған, қалғандары әлі бостандықта жүр. Біз әділеттілік іздейміз. Подполковник «күдіктілердің бет-бейнесін көрсетеміз» деп уәде берді, бірақ бізге ол жеткіліксіз. Барлығы да ұсталып, толық жазаға тартылуы тиіс», – дейді ол.
Марқұмның әкесі не дейді?
Шерзаттың әкесі Бас прокурор Берік Асыловқа үндеу жолдап, істі ерекше бақылауға алуды өтінді.
«Баламыз ит өліммен өлді. Полиция мен прокуратура істі бұрмалап жатыр. Тіпті марқұм баламның аты-жөнін де дұрыс білмейді. Бізді тергеуге түнде шақырып, арызды өзімізге жаздырып отыр. Өлетін балам өлді, енді әділет үшін күресемін. Ашық сот талап етемін. Бас прокурор, менің баламмен жасты өзге балалар да осылай өлмесін, аналар көз жасын төкпесін», – деді әкесі.
Туыстарының айтуынша, шабуыл жасағандар үш көлікпен келген және олардың арасында қыздар да болған. Алайда полиция осы уақытқа дейін жеті адамды ғана тұтқындаған. Тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына алынған. Полиция өзге ақпараттарды жария етпей отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

