Талғарда көз жұмған Шерзат Болаттың өліміне қатысты қамауға алынған күдіктінің анасы видеоүндеу жолдады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Әйел ұлы мен оның досына қылмысты хабарламау және жасыру деген айып тағылғанын, дегенмен олар қылмыс орнында болмағанын айтты. Оның сөзінше, олар оқиға орнына тек қылмыс болғаннан кейін барған. Жігіттерден алдымен жауап алынып, кейін босатылған. Бірақ 13 қазанда олар қайта ұсталып, екі айға қамауға алыныпты.
«Олар не үшін қамауға алынғанын түсінбеймін. Адам санын 13-ке толтыру керек болғандықтан ба? Егер олар оқиға орнында болмаса, олар не болғанын білмейді де ғой. Ал қылмыс кезінде сол жерде болған екі қыз неге тек куәгер ретінде аталып жүр?» — деді күдікті ретінде қамауға алынған баланың анасы.
Әйел әділ тергеу жүргізіліп, ұлын үйқамаққа кепілге шығаруды сұрап отыр.
Полиция жағдайға қатысты пікір білдірді.
«13 қазанда оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 434-бабы («Қылмыс туралы хабарламау») бойынша айып тағылған үш адам қамауға алынды. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары күдікті К-ның жасалған қылмыстан хабардар екені анықталды. Соттың санкциясымен ол екі ай мерзімге қамауға алынды. Қазір қылмыстық істі толық және объективті тергеп-тексеру үшін барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, оның аясында қылмыс орнында болған екі қыздың әрекетіне де құқықтық баға беріледі», — делінген ведомствоның хабарламасында.