Әлеуметтік желіде Талғарда қайғылы оқиға болған күннің видеосы тарап кеткен еді. Құзырлы органдар видео қалай тарап кеткенін тексереді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Бауыржан Әленов айтты.
«Әлеуметтік желіде видео тарап кетуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Кім, қай жерден жібергенін тексеріп, толық ақпарат береміз», — деді Әленов Алматы облысының ӨКҚ алаңында өткен брифингте.
Еске салайық, бұған дейін Талғардағы оқиға салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Сонымен қатар, Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шалқаров төбелестен кейін қанша қару тәркіленгенін айтты.
«Қазіргі таңда үш пышақ тәркіленді. Оның екеуі ас үй пышағы. Сондай-ақ бір мылтық бар. Қару ешқайда тіркелмеген. Департамент оны сараптамадан өткізіп жатыр», — дейді Серік Шалқаров.