Алматы облысының прокуроры Берік Адамов Шерзат Болаттың отбасының үйінен шыққан өртке қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Оның отбасы тұрған үйдегі өрттің себебін белсенді түрде зерттеп жатырмыз. Өрт болған жерде маңызды дәлелдер жиналып, алты жүзден аса адам сұралды. Оқиға қалай болғанын анықтау үшін бірнеше сараптама тағайындалды. Мамандар өрттің үйдің сыртынан басталғанын, оқыс жағдай болмағанын және сыртқы от көзін қолданылғанын алғашқы қорытынды ретінде шығарды. Оқиға орнынан табылған канистр мен резеңке қолғаптарға зерттеулер жүргізіліп жатыр. Шығын көлемі анықталып жатыр», — деді Берік Адамов.
Еске салайық, бұған дейін Талғардағы оқиға салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 7 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Сонымен қатар, Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шалқаров төбелестен кейін қанша қару тәркіленгенін айтты.
«Қазіргі таңда үш пышақ тәркіленді. Оның екеуі ас үй пышағы. Сондай-ақ бір мылтық бар. Қару ешқайда тіркелмеген. Департамент оны сараптамадан өткізіп жатыр», — дейді Серік Шалқаров.