Маңғыстау облысындағы Шетпе ауылы он жылдан астам уақыт карьер шаңы мен дүмпу зардабын тартып келеді. Ауыл іргесіндегі қиыршық тас өндіретін кәсіпорындар күн сайын тау жарып, шаң көтереді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, үйлердің қабырғалары жарылып, терезелер шытынап жатыр. Шаңнан демі тарылғандар артқан, әсіресе балалар мен қарттардың аллергия мен демікпеге шалдығуы жиілеген, деп жазады Ertenmedia.kz.
Шетпеде тұратын Сәрсенбек Қуанбаев: «Тау жарылғанда жер сілкінгендей болады. Үйімді темірмен құрсауға тура келді», – дейді. Ал Қайрат Еділханов өз отбасының жағдайын мысалға келтірді: «Ақтауға барсақ ауру жоғалады, ауылға келсек қайта басталады. Бұл карьердің зияны жыл санап күшейіп жатыр» дейді.
Қиыршық тас тиеген ауыр жүк көліктері ауыл ішімен жүріп, жағдайды одан сайын қиындатуда. Тұрғындар ең болмағанда көліктерді айналма жолға бағыттауды сұрап отыр.
Ауылдың тыныс-тіршілігі тау қопарылуымен жалғасып келеді. Бір жағында өндіріс бар, екінші жағында адам тұрмысы. Сондықтан Шетпе – экономиканың пайдасы мен тұрғындардың денсаулығы бетпе-бет келген жерге айналды.
Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары Маралбек Сейілов мәселе бойынша нақты қадамдар басталғанын мәлімдеді. Қазір жарылыс күшін өлшеу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, арнайы зерттеу жұмыстары жоспарланып отыр. Жеңімпаз анықталса, қазан айында сынақ басталып, үйлердің жанына сейсмикалық құрылғылар қойылады.
Алынған деректер Алматыдағы зертханада сарапталмақ. Егер карьерлердің кінәсі дәлелденсе, кәсіпорын жауапкершілікке тартылуға тиіс. Облыстық Табиғи ресурстар басқармасы 25 карьерге ескерту жолдап, 30 қазанға дейін заңбұзушылықтар жойылмаған жағдайда лицензия қайтарылатынын хабарлады.
Ауыл тұрғындары өндірістің тоқтауын емес, тәртіпке келуін қалайды. «Заң аясында жұмыс істесе ешкім қарсы емес, бірақ адам денсаулығын құрбан етуге болмайды», – дейді тұрғындар.
Шетпе жағдайы экология мен өндірістің тепе-теңдігі қалай сақталуы керек деген үлкен сұрақ. Бүгінде бұл сұраққа жауап іздеу басталды.

