2025 жылғы химия саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, Калифорния университетінің профессоры Омар Яги ауадан тәулігіне мың литрге дейін таза ауыз су алатын инновациялық құрылғысын көпшілікке ұсынды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Interesting Engineering дерегінше жаңадан жасалған технология тіпті ылғалдылығы небәрі 20%-дан төмен шөл ауасынан да су жинай алады. Құрылғы сырттан қуат көзін қажет етпейді, толығымен автономды жұмыс істейді және күн мен желдің қуатын пайдаланып, құрғақ ауадан таза ауыз су өндіреді.
Яги жаңалығын коммерцияландыру мақсатында Atoco компаниясын құрған. Құрылғының жұмыс істеу қағидасы «ретикулярлық химияға», яғни метал-органикалық қаңқаларға (Metal-Organic Frameworks немесе MOF) негізделген. MOF – молекулалық деңгейде синтезделген кеуекті материал. Оның небәрі бірнеше грамының өзінде футбол алаңына тең келетін үлкен беткі аумағы бар.
Осы қасиеті арқасында MOF ауадан ылғалды тиімді сіңіріп, кейін оны таза ауыз суға айналдырады.
Қазір құрылғының шағын прототипі сынақтан сәтті өтті. Оны АҚШ-тағы ең құрғақ өңір саналатын Өлім алқабында (Death Valley) да тексеріп көрген. Тәулігіне 1000 литрге дейін су өндіре алатын толық масштабты модельдің көлемі кәдімгі теңіз контейнерімен шамалас, ұзындығы 6 метрге жуық.
Болашақтағы бум
Atoco компаниясының өкілдері болашақта әрбір үй шаруашылығы өз энергиясын күн немесе желден алғаны секілді, ауыз суды да дәл осылай дербес өндіретін дәуір келеді деп отыр. Компания өз өнімін жеке пайдалануға арналған «дербес су жүйесі» ретінде нарыққа шығаруды жоспарлауда.
Профессор Яги технологияны жасау идеясын балалық шағындағы қиындықтардан алған. Ол Иорданиядағы босқындар лагерінде өскен кезде, ауыз су таситын жүк көліктерін отбасымен бірге сағаттап күтіп, тіршілік көзінен таршылық көрген. БҰҰ мамандары да бірнеше жылдан бері әлемде таза су тапшылығы күшейіп бара жатқанын ескертіп келеді. Сондықтан осындай технологиялардың келешекте жаһандық су дағдарысын шешуге септігі зор болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







