Бүгін Ғылым ордасында Қазақстан ғылымының тарихы музейі мен Ш. Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалдық музейі бірігіп, Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына арналған «Шоқан Уәлиханов және ұлттық ғылымның бастаулары» атты ғылыми-мәдени шара өткізді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шараның мақсаты – қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың мұрасын дәріптеп, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу.
Жиынға Ғылым ордасының бас директоры Ұлар Мұқажанов, Шығыстану институты директорының орынбасары Ғалымжан Дүйсен, «Алтынемел» музейінің директоры Марал Рахатова, мәдениет және ғылым қайраткерлері, ғылыми-зерттеу институттары мен университеттердің ғалымдары, Ш. Уәлиханов атындағы №12 гимназия ұстаздары мен оқушылары қатысты.
Ғылым ордасы ғимараты алдында Шоқан Уәлиханов ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, «Шоқан Уәлиханов: Ұлы тұлға мұрасы» атты көрме ұйымдастырылды. Көрмеде ғалымның еңбектері, архив құжаттары, сирек фотосуреттері және жеке заттары көрсетілді. Сондай-ақ, Орталық ғылыми кітапханада Шоқан Уәлихановқа арналған кітап көрмесі өтті.
Іс-шарада ғалымдар Шоқанның Орта Азия мен Шығыс халықтарын зерттеудегі еңбегіне арналған ғылыми баяндамалар жасады. «Шоқан және “қазақ” термині», «ЖИ дәуіріндегі адамгершілік: Шоқаннан үйренетін бес қағида», «Шоқан Уәлихановтың балалық кезеңі: білімге құштарлықтың қалыптасуы» тақырыбындағы баяндамалар тыңдалды. Ғалымның ұлттық ғылымға, ағартушылыққа қосқан үлесі талқыланды.
Ұлар Мұқажанов өз сөзінде: «Шоқан – тек қазаққа емес, түркі әлеміне ортақ тұлға. Оның мол мұрасы бүгін де өзекті. Ғалымның идеяларын жас буынға жеткізу арқылы ұлттың зиялы дәстүрін жаңа деңгейге көтереміз», – деді.
Қатысушылар Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасын жастар арасында насихаттаудың маңызына тоқталды. Осындай шаралар ұлттық ғылымға серпін беріп, жастардың ғылымға қызығушылығын арттырады деген пікір айтылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







