Үлкен Нарын ауылында өткен көшпелі әкімдік отырысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ауданның дамуының негізгі бағыттарын талқылады. Әсіресе, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жол инфрақұрылымы және туризм мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Туристік тартымдылықты арттыру бағытындағы бір қадам – Үлкен Нарын маңында жаңа жол бойы сервистік нысанның ашылуы болды. Кешенде экспресс-кафе, күнделікті қажетті тауарлары бар дүкен, санитарлық аймақтар, ана мен бала бөлмесі және намаз оқуға арналған бөлме бар.
Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, мұндай нысандар республикалық жолдар бойында әрбір 50–60 шақырым сайын орнатылады. Биыл облыста тағы 870 км жол жөнделмек, ал былтыр 710 км жол жаңартылған.
Сондай-ақ, соңғы алты жылда алғаш рет Үлкен Нарын ауылында жылыту маусымы тұрақты өтті — тұрғын үйлердегі температура 26 градуста сақталды. Бұл нәтижеге ауқымды дайындық арқасында қол жеткізілді: жылу желілерін жөндеуге 404 млн теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда он есе көп.
Басқа инфрақұрылымдық мәселелер де шешілуде. Көктерек және Малонарын ауылдарында су құбыры желілері күрделі жөндеуден өтті. Енді бұл елді мекендердің тұрғындары толықтай орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Үлкен Нарынның өзінде де су жүйесін жаңарту жұмыстары жалғасуда.
Айта кету керек, Шығыс Қазақстан облысында ҰБТ өткізуге арналған екі орталық жұмыс істейді — Өскемен қаласында және Үлкен Нарын ауылында. Зайсанда үшінші орталық ашу мәселесі әлі келісу сатысында тұр.