ШҚО-да мердігерлік ұйым жаңа әуежайдың құрылысы барысында зақымданған республикалық маңыздағы «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының бүлінген бір бөлігін қалпына келтіреді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Сөз 252-ші шақырымнан 311-ші шақырымға дейінгі жол учаскесі туралы болып отыр. Бұл бөліктен құрылыс материалдары жеткізілуде. Ауыр техниканың қарқынды қозғалысы салдарынан жол жабыны мен инженерлік құрылыстар зақымдалған.
Сонымен қатар, жолдың бүлінуіне көктемгі маусыммен сәйкес келуі де себеп болды, бұл кезде жол жабыны артық ылғалдануға ұшырайды. Мұндай жағдай жолдың көтергіш қабілетін төмендетіп, жамылғының бұзылуына тікелей әсер етеді.
Жолды өз қаражатына қалпына келтіру міндеттемесін компания бас мердігерлермен үшжақты келісім арқылы бекітті. Компания жөндеу жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізіп, көлемі мен мерзімін әріптестерімен келісе отырып атқарады.
– Бұл жолдың жергілікті тұрғындар мен туристер үшін маңызды екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан құрылыс материалдарын жеткізу барысында зақымданған учаскені қалпына келтіруге дайынбыз. Жөндеу жұмыстары уәкілетті органдармен тығыз үйлестікте кезең-кезеңімен жүргізіледі, – деді компанияның өкілі Әсет Сұлтанов.
Келісім қол қойылған сәттен бастап күшіне енді және ресми түрде тоқтатылғанға дейін жарамды болады. Құжат Шығыс Қазақстанның маңызды көлік бағыттарының біріндегі инфрақұрылымды сақтау мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған