Шығыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Қауіпті аймақтарда өзендердегі мұзды әлсірету үшін жарылыс жұмыстары ұйымдастырылып, су өткізу жүйелері тазартылып жатыр.
Шемонаиха ауданындағы Верх-Уба ауылы маңында мұздың қалыңдығы 60 см-ге дейін жеткендіктен, мамандар арнайы жарылыс жұмыстарын жүргізді. Бұл шара өзен арнасында мұз кептелістерін болдырмау үшін қажет болды. Нәтижесінде 10 692 шаршы метр аумақтағы мұз қабаты әлсіретілді. Жұмысқа ТЖД қызметкерлері, құтқарушылар, «KazExploService» ЖШС мамандары және жергілікті билік өкілдері қатысты.
Глубокое ауданында да осындай шаралар жүргізілді. Глубочанка өзенінің сағасында 3 232 шаршы метр аумақта мұз қабаты бұзылды. Сарапшылардың айтуынша, мұзды алдын ала бұзу – судың еркін ағуына мүмкіндік беріп, тасқын қаупін азайтады.
Глубокое кентінде және Белоусовка, Прапорщиково, Уварова, Прогресс, Черемшанка ауылдарында да дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бұл елді мекендерде арық жүйелері тазартылып, жаңа су арналары қазылуда. Сондай-ақ су басу қаупі бар аймақтарға қажетті материалдар жеткізілуде.
Мұндай іс-шаралар су тасқынының салдарын барынша азайтуға бағытталған және төтенше жағдайлар қызметінің тұрақты бақылауында өтеді. Мамандар қажетті шараларды уақтылы қабылдау үшін мұз жағдайын бақылауды жалғастыруда.