ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдергі туристтік нысандардың қазіргі жағдайы және туризм саласының дамуы мәселесіне арналған кеңес өткізді,- деп хабарлайды Ertenmedia
Жиында Туризм басқармасы, Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы жазғы демалыс маусымындағы жағдай туралы баяндады.
Туристтерге тартымды өңір болып табылатын Шығыс Қазақстанда 371 демалыс нысаны тіркелген. Жазғы маусым енді ашылғанына қарамастан облысқа 100 мың демалушы келгенін айта кетсек, оның 5 мыңы шетелдік туристтер. Болжам бойынша олардың қатары күннен күнге артып келеді.
Аймақ басшысы осыны ескере отыра облыс тұрғындары мен қонақтарының лайықты демалуын қамтамасыз ету мақсатында ең бірінші жолдарды, оның ішінде жол бойында қызмет көрсететін нысандардың жағдайын, шомылу орындарындағы қауіпсіздікті, медициналық көмек көрсету, интернет пен байланысты қамтамасыз етуді қатаң қадағалауды тапсырды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі туристтік нысандарға қатысты ескертуіндегі кемшіліктер өкінішке қарай біздің өңірімізде де кездесіп жатыр. Туризм — ол әуежай, авто-теміржол бекеті, жолдың жағдайы, көрсетілетін қызметтен басталады. Барлығы жоғары дәрежеде болуы шарт. Әлеуметтік желіде туристтік нысандарға қатысты халықтың жазған шағымдары жіті бақылауымда. Азаматтардың әр арыздары бойынша жұмыс жүргізіледі», — деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.
Осы орайда облыс әкімі туристтік нысандардың қазіргі жағдайын тексеру үшін келесіні тапсырды:
- Туризм басқармасына арнайы топ құрып, әр демалыс орындарын жіті қарап, нәтижесінде сараптамалық ақпарат ұсыну;
- Қала және аудан әкімдері Төтенше жағдайлар департаменті мен санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдарымен бірігіп тамақтану және демалу орындарын тексеру;
- Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ҚазАвтоЖолмен бірге жол бойындағы санитарлық-гигиеналық тораптарды ашу;
- Иесіз шомылу орындарын кәсіпкерлерге беріп, сәйкесінше бизнестің демалышуларға тиісті қызмет ұсынуын қамтамасыз ету;
- Адамдар жиі шоғырланатын жерлерде туристтік ақпараттық сайтарына сілтеме жасайтын QR кодтар орнату:
- Қала және аудан әкімдері халық шомылатын жағажайларда киінетін орындары мен санитарлық-гигиеналық тораптардың (дәретхана) санын арттыру;
- Туристтердің демалыс орындарында Денсаулық басқармасы жедел жәрдем көліктерін санын арттыру, Төтенше жағдайлар департаменті үздіксіз патрульдеуді қамтамсыз ету;
- Полиция департаменті қоғамдық демалыс орындарында тәртіпті және шағын көлемді кемелердің жосықсыз жүрмеуін қадағалау.
«Ең бастысы туристердің қауіпсіздігі мен жайлы демалысы. Туристтік әлеуеті зор Шығыс өңіріне келушілердің қатары жыл санап артып келеді. Сәйкесінше жергілікті атқарушы органдар да соған лайық жағдай жасауымыз қажет және оған деген талап та күшейтілетін болады», — деді Нұрымбет Сақтағанов.