Шығыс Қазақстан облысында «ШҚО-ның үздік туристік-рекреациялық аймағы» атағына арналған байқау өтті. Оған туризмнің әртүрлі бағыттарын қамтитын 24 жоба қатысқан. Бақ сынаған жобалар жағажай, экология, ауылдық, емдік-сауықтыру, мәдени-танымдық және қысқы тау шаңғысы туризм бағыттарын таңдады, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Байқаудың жалпы жүлде қоры 1 млрд теңгені құрады. Бұл қаражат туристік инфрақұрылымды дамытуға, соның ішінде жол салу, электр желілерін жүргізу және басқа да қажетті жұмыстарға бағытталған. Қаражат 200 млн теңгеден 5 лотқа бөлінді.
ШҚО әкімінің баспасөз қызметі
Іріктеу барысында жобалардың туристерді тарту әлеуеті, жергілікті бизнесті ынталандыруы, жұмыс орындарын құруы және қолданыстағы маршруттарға интеграциялануы сияқты критерийлер ескерілгенін айта кетуіміз керек.
Байқау Шығыс Қазақстанды елдің жетекші туристік өңірлерінің бірі ретінде нығайтуға қабілетті үздік туристік бастамаларды қолдауға бағытталған. Оның қорытынды нәтижелері жақын арада жарияланады.