Шығыс Қазақстан облысының делегациясы Қытай Халық Республикасының Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданына жасаған сапары аясында жалпы құны 2 миллиард АҚШ долларын құрайтын 13 ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Бұл құжаттар түрлі салалар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Қазірдің өзінде облыс аумағында 45 Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны жұмыс істейді. Қытайдың ШҚО-ның сыртқы саудасындағы үлесі 20%-дан асып, 1 миллиард АҚШ долларынан жоғары деңгейге жеткен.
Еске салайық, ШҚО делегациясы Алтай қаласында өткен «Алтай – ортақ үйіміз» атты халықаралық ынтымақтастық конференциясына қатысты. Іс-шараға Қытайдың Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданы, Абай, Жетісу облыстары, Ресей мен Моңғолия шекаралық өңірлерінің басшылары қатысты.
Форумда ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов сөз сөйлеп, кездесудің Қазақстан мен Қытай көшбасшыларының — Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин арасындағы сенімді әрі стратегиялық серіктестіктің негізінде өтіп жатқанын атап өтті. Ол «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында өзара ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін айтты.
Айта кетейік, форум Қытайдың ежелгі «Дуаньу» (Айдаһар қайықтарының) мерекесі қарсаңында ұйымдастырылды. Бұл – екі ел арасындағы достық пен мәдени байланысты нығайтудың маңызды белгісі.