ШҚО-ның экология департаментін басқарған Мамай Ботабаев аса ірі көлемде пара алғаны үшін 10 жылға сотталды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Orda-ның мәліметінше Антикор оны былтыр шілдеде жол-құрылыс компаниясы басшысының орынбасары Қанат Дырынбаевтан 8,5 млн теңге алып жатқан жерінде ұстаған.
Тергеу дерегінше, бұл бастапқы аванс қана. Ботабаев жалпы алғанда 130 млн теңге көлемінде пара алмақ болған.
Сот процесінде бұрынғы шенеунік өз кінәсін мойындаған жоқ. Дегенмен, сот оған 10 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Пара берген Қанат Дырыңбаев та дәл осындай мерзімге сотталды.
Бұл іске қатысы бар тағы бір тұлға «Инком-Шығыс» ЖШС-ның басшысы Марат Ақылғазин. Ол пара ақшасын заңдастырмақ болғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тергеу барысында Ақылғазин Дырынбаевтың заңсыз табысын өз компаниясы арқылы жасыруға әрекеттенгені дәлелденген. Үкіммен келіспеген тарап апелляциялық шағым түсіруі мүмкін.
Айта кету керек, Мамай Ботабаев Шығыс Қазақстан облысының экология департаментін небәрі жарты жыл басқарған. Оған дейін Абай облысында қызмет етіп, бұл лауазымға парамен ұсталған бұрынғы басшы Данияр Әлиевтің орнына келген еді. Әлиев қазір колонияда жазасын өтеп жатыр.
Әлиевтің тұтқындалуына бір ай қалғанда оның орынбасары Рауан Тұраров та алтын өндіруші компаниядан пара алғаны үшін 7 жылға сотталған болатын. Осылайша, ШҚО экология департаментінің соңғы үш басшысы да парамен ұсталып, түрмеге қамалды.