Ақтөбе облысы Шалқар аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы Шұға Сәдуақасова пара алғаны үшін жеті жылға сотталды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Үкімді естіген сәтте жылап жіберген шенеуніктің қолына сот залында-ақ кісен салынды.
Тергеу материалында Сәдуақасованың «Дәнекер» және «АзияСтройПроект777» серіктестігінен ақша бопсалағаны айтылған.
«Дәнекер» компаниясы Көпмола, Жылан және Кеңдала ауылындағы су құбырын жаңартуға 1,9 миллиард теңгенің жобасын жүргізген. Осы жоба бойынша атқарылған жұмыс актісіне кедергісіз қол қою үшін Сәдуақасова серіктестік басшысынан ақша сұраған.
Ал екінші компаниядан сегіз миллион теңгеден астам пара талап еткен.
Компания өкілдері сотта амалсыздан ақша бергенін айтып, шағымданды. Бірақ Сәдуақасова кінәсін мойындамады. Ол аудан әкімі Жанболат Жидехановтың өзін жемқорлыққа итермелегенін айтып, оны бірнеше рет сотқа шақыртуды талап етті.
«Ол маған: «Ештеңеден қорықпа, ештеңе айтпа, өзім шығарып аламын», – деп уәде берді», – деді Сәдуақасова сот отырыстарының бірінде. Айтқан сөзінің дәлелі ретінде әкімнің дауысын жазып алған аудионы сотқа тапсырды.
Судья Сұлуаш Махамбетова шенеунікті кінәлі деп танып, оны жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын орта режимдегі колонияда өтеуге үкім шығарды.
«Шұғы Сәдуақасова кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылсын. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына шеттетілсін. Парадан қалған 2,25 млн теңге мемлекетке тәркіленсін. Сонымен қатар 6,5 миллион теңге және оның құрбысының есепшотындағы бес миллион теңге де үкім заңды күшіне енген соң бюджетке аударылсын», – деді судья үкімді оқып тұрып.
Сот арнайы қаулы қабылдап, Ақтөбе облысының әкіміне Шалқар аудандық әкімдігінің бақылауы нашар болғанын ескертті.
Шілде айында басталған сот отырысы 4 айға созылды. Мемлекеттік қызметке 2006 жылы келген Шұға Сәдуақасова Шалқар аудандық сәулет, құрылыс бөлімінің түрлі сатысынан өтіп, осы мекеменің басшысы қызметіне былтыр ғана тағайындалған еді.