Ақтөбе облысының Шалқар ауданында әкімдіктің лауазымды қызметкері пара алды деген айыппен сот алдында жауап беруде деп хабарлайды Ertenmedia.
Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Шұға Сәдуақасоваға қатысты істің соттағы жарыссөзі өтті. Прокурор сот залында айыпталушыны қамауға алып, түрме жазасына кесуді сұрады.
Мемлекеттік айыптаушының мәлімдеуінше, Сәдуақасова қызметін асыра пайдаланып, мердігер компаниялардан бірнеше мәрте ақша талап еткен.
Іс материалдарына сәйкес, бөлім басшысы «Дәнекер» ЖШС директорынан атқарылған жұмыс актісіне қол қою үшін 5 миллион теңге сұраған. Ал екінші эпизод бойынша «Азия строй проект 777» ЖШС-нен 8 миллион теңге алған. Параны бірден емес, Kaspi қосымшасы арқылы бірнеше адамның шотына бөліп аудартқан.
Айыптау тарапы Сәдуақасованы кінәлі деп тауып, орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде жазасын өтеуін сұрады.
«Айыпталушының қазіргі қолхат түріндегі бұлтартпау шарасын сот залында қамауға алумен ауыстыруды сұраймын. Сонымен бірге жәбірленушілер қорына 20 АЕК (78 640 теңге) өндірілсін. Қылмыстық жолмен алынған 5 миллион теңге, оған есептелген пайыздармен бірге, мемлекет пайдасына тәркіленсін. Бұдан бөлек, Сәдуақасова өз еркімен тергеуге өткізген 6,5 миллион теңгені мемлекет пайдасына өткізу керек. Қалған 2 миллион 250 мың теңгені де сотталушыдан өндіруді талап етеміз», – деді прокурор сотта.
Айыптаушы тарап ауданда сыбайлас жемқорлықтың белең алғанын атап өтті. Биылдың өзінде аудан әкімдігінің екі қызметкері дәл осындай парақорлық бойынша сотталып кеткен. Осыған байланысты прокурор соттан Ақтөбе облысы әкімдігіне арнайы қаулы шығаруды да сұрады.
Жарыссөз барысында айыпталушы Сәдуақасова көз жасына ерік беріп, өзінің басында кінәні аудан басшысын қорғау үшін мойындағанын айтты. Оның адвокаты бас бостандығынан айырмауды өтінді.
Айта кетейік, бұған дейінгі мәлімдемесінде Шұға Сәдуақасова аудан әкімін Жанболат Жидехановтың тапсырмасын орындағанын мәлімдеген болатын. Оның сөзіне қарағанда, әкімнің өзі мердігерлерден ақша талап етіп, кейбір соманы тікелей қолма-қол алған.
«Маған қорықпа, үндеме, өзім алып шығамын деп айтты. 2024 жылдың қазанында әкім мені кабинетіне шақырып, ақша керек деді. Менде ақша жоқ болғандықтан, өз қалтамнан 700 мың теңгені бердім. Кейін Ақтөбедегі құрбымның есепшотына мердігерлерден шамамен 12,5 млн теңге аударылды. Бұл ақшаның бір бөлігін Жидеханов тікелей өзі алып отырды», – деген еді айыпталушы осының алдындағы сот отырысында.
Сотта айыпталушы мен аудан әкімінің арасындағы әңгіменің аудиожазбасы жарияланып, Сәдуақасованың адвокаттары соттан әкім Жанболат Жидехановты куәгер ретінде шақыруды талап еткен.
Іске қатысты соңғы сөз 8 қазан күні тыңдалады.
Шұғаның белгісі: Шалқарда қаралып жатқан іске аудан әкімінің есімі араласты