Ақтөбе облысындағы Шалқар аудандық сотында пара дауына қатысты шулы іс қаралып жатыр деп хабарлайды Ertenmedia.
Айыпталушы аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Шұға Сәдуақасова. Тергеу мәліметінше, шенеунік жергілікті мердігерлерден пара алып, орындалған жұмыс актісіне қол қою үшін ақша бопсалаған.
Қылмыстық істің екі эпизоды бар. Біріншісінде, Сәдуақасова «Дәнекер» ЖШС директорынан атқарылған жұмыстар актісіне қол қою үшін 5 млн теңге талап еткен. Екінші жағдайда «Азия строй проект 777» серіктестігінен жалпы сомасы 8 млн теңге пара алған. Ақша бөліп-бөліп Kaspi арқылы жеке адамдардың есепшотына аударылған.
Сот барысында Шұға Сәдуақасова бұл әрекетке аудан әкімі Жанболат Жидехановтың тікелей нұсқауымен барғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, әкімнің өзі мердігерлерден ақша талап етіп, кейбір соманы тікелей қолма-қол алған.
«Маған қорықпа, үндеме, өзім алып шығамын деп айтты. 2024 жылдың қазанында әкім мені кабинетіне шақырып, ақша керек деді. Менде ақша жоқ болғандықтан, өз қалтамнан 700 мың теңгені бердім. Кейін Ақтөбедегі құрбымның есепшотына мердігерлерден шамамен 12,5 млн теңге аударылды. Бұл ақшаның бір бөлігін Жидеханов тікелей өзі алып отырды», – деді айыпталушы сот отырысында.
Сотта айыпталушы мен аудан әкімінің арасындағы әңгіменің аудиожазбасы жарияланды. Сарапшылар жазбаның түпнұсқа екенін растады. Сонымен қатар әкімдік кабинеттерінде жасырын бейнежазбалар да жүргізілгені белгілі болды.
Сәдуақасованың адвокаттары соттан әкім Жанболат Жидехановты куәгер ретінде шақыруды талап етуде.