Мемлекеттен көмек көрген Eurasian Bank берешегінің бір бөлігін (30 млрд теңге) мерзімінен бұрын қайтаруға дайын екенін мәлімдеді. Бұл банктің өкіметтен алған жалпы қарызының (150 миллиард теңге) бестен бір бөлігі, деп хабарлайды Ertenmedia.
Форбс дерегінше банк әлгі ақшаны 2017 жылы банктердің қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасы аясында облигация шығару арқылы алған. Қарызды 2032 жылға дейін өтеу жоспарланған еді.
Қазақстан қор биржасында (KASE) жарияланған ақпаратқа сәйкес, банк құны 100 теңгелік 300 млн облигацияны 2025 жылдың соңына дейін кезең-кезеңмен кері сатып алады. Бұған облигацияны ұстаған кезеңдегі есептелген, бірақ әлі төленбеген сыйақы да кіреді.
Облигацияларды мерзімінен бұрын сатып алу бір апта бұрын банктің директорлар кеңесінің отырысында қабылданған. Шешім қаржы ұйымының басшылық құрамындағы өзгерістен кейін қабылдар отыр.
Соның алдында реттеуші орган Шухрат Ибрагимовты директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне бекіткен болатын. Шухрат 2017 жылдан бері банктің директорлар кеңесінің мүшесі, ал кеңес төрағалығына биылдың 15 тамызында сайланған.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, қыркүйек айындағы дерекке сәйкес Eurasian Bank-тің мемлекет алдындағы берешегі толық сақталған (150 млрд теңге).
Агенттік төрағасының болжамынша, Alatau City Bank-тен (950,2 млрд теңге қарызы бар) өзгелері, атап айтқанда Eurasian Bank, RBK банк (176,8 млрд теңге) және Нұрбанк (46,8 млрд теңге) мемлекеттен алған көмегін алдағы 3-5 жыл ішінде толық өтейді.
Eurasian Bank-тің иесі Eurasian Financial Company-сы. Оның негізгі акционерлері Шухрат Ибрагимовтың анасы Мұқадасхан Ибрагимова (33%), Патох Шөдиев (33%) және өткен жылы өмірден өткен Александр Мәшкевич (33%).
Ибрагимовтар әулетінің дәулеті 2 млрд доллардан асып жығылады. Олар иелік ететін Eurasian Bankтің активтері 2,9 трлн теңгені құрайды. Актив көлемі бойынша банк Қазақстандағы 23 банк арасында 7-ші орында тұр.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Кремль компаниясының Каспийдегі күйзелісі: Ақкенженовтың айтқан аптасы жетті

