Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы – 2025 аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Тверь облысының губернаторы Игорь Руденя іскерлік кездесу өткізді. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайту және өңірлер арасындағы жаңа меморандумға қол қою мәселесін талқылады,- деп хабарлайды Ertenmedia
Кездесу барысында Нұрымбет Сақтағанов Ресей аймақтарымен тұрақты байланыстардың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, ШҚО-ның сыртқы сауда айналымының шамамен 26%-ы Ресей Федерациясына тиесілі. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың қорытындысы бойынша 1,2 миллиард АҚШ долларын құрады.
– Біз меморандумға қол қою екі өңір арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды жандандырып, тауар айналымы мен өзара инвестиция көлемінің айтарлықтай өсуіне ықпал етеді деп сенеміз, – деді өңір басшысы.
Өңіраралық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі биыл сәуір айында ҚР Парламенті Сенаты мен РФ Федерация Кеңесі арасындағы комиссияның 23-отырысында егжей-тегжейлі талқыланған болатын.
Кездесу соңында ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Тверь облысының губернаторын 10 қыркүйекте өтетін «Altai Invest – 2025» халықаралық инвестициялық форумына қатысуға шақырды. Форум барысында өңірдің инвестициялық тартымдылығы, мәдени және өндірістік әлеуеті таныстырылады.
– Біздің әріптестігіміз өзара тиімді әрі нәтижелі болады деп сенемін, – деді Нұрымбет Сақтағанов, кездесу жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғысын білдіре отырып.