Шығыс Қазақстанның жастары елдің жаңа Конституциясын қолдап, қоғамдық белсенділік танытуға дайын екенін жеткізді. Осы мақсатта Өскемендегі Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығында республикалық жастар форумы өтті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Біз – жаңа халықтық Конституция үшін» деп аталған ауқымды шара барысында «Көшбасшылар мектебі» жастар жобасының басталғаны да жарияланды.
Форумға келген жастар, этномәдени орталық өкілдері мен студенттік ұйымдардың жетекшілері жаңа Конституция елдің бүгінгі және ертеңгі ұрпағына тұрақты даму кепілі болатынын атап өтті.
Сақтағанов не дейді?
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жаңа құжаттың мәні мемлекет алдымен адам мүддесін қорғауы тиіс деген қағидада жатқанын айтты.
Оның сөзінше, Конституцияға енгізілген жаңалық Қазақстан халқының негізгі құндылықтарын бекітіп, саяси жүйе жұмысының тиімділігін арттырады. Сонымен қатар жастардың қоғам мен саясатқа белсенді араласуына жол ашады.
«Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев жаңа Конституция жобасы – қоғамның ең маңызды сұраныстарына берілген жауап дейді. Оның айтуынша, жастардың бұл бастамаға қолдау білдіруі өте маңызды. Себебі, жаңадан құрылатын Қазақстанның Халық кеңесі жастарға қоғамдық-саяси қызметте үлкен мүмкіндіктер ұсынады.
Жастардың ұстанымы қандай?
Шарада сөз алған облыстық мәслихат төрағасы Денис Рыпаков Конституцияға цифрлық кеңістіктегі азаматтар құқығы алғаш рет арнайы норма ретінде енгізіліп отырғанын жеткізді. Өмірі интернетпен тығыз байланысты жастар үшін бұл құқықтық тұрғыдан мықты қорғаныс. Енді жеке деректер мен желідегі цифрлық активтерді қорғау Конституция деңгейінде реттеледі.

Форум аясында Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының директоры Равиль Юнусов, студенттік ассамблея жетекшісі Александр Урмашов, жастар құқықтары жөніндегі «Еркіндік рухы» комиссиясының мүшесі Алина Калишева және Риддер қаласындағы «Ассамблея жастары» жетекшісі Эдуард Рынк сөз сөйледі.
Жиынға қатысқан жастар авторлық құқықты қорғау, шығармашылықты дамыту, цифрлық қауіпсіздік, экологиялық жауапкершілік және әділеттілік мәселелерін кеңінен талқылады. Олар жаңа Конституцияда аталған құндылықтардың орын алуы жастардың болашаққа деген сенімін арттырады деген пікірде.
Бұған дейін депутат Сайыров Ата заңдағы тілге қатысты «тең» мен «қатар» сөзінің ара жігін ажыратып берген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

