Шығыс Қазақстанда екі аудан «өзіндік уақыт белдеуіне» көшті, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Марқакөл және Үлкен Нарын аудандары 24 ақпаннан бастап «өзіндік уақыт белдеуіне» ауысты.
Енді бұл аудандарда жұмыс күні сағат 08:00-де басталып, 17:30-да аяқталады, ал түскі үзіліс 12:00-ден 13:30-ға дейін жалғасады. Мұндай кесте күндізгі уақытты тиімді пайдалану мақсатында енгізілген, себебі бұл өңірде күн ерте шығып, ерте батады.
Ақпаратты жергілікті билік те растаған.
«24 ақпаннан бастап мекемелерде жұмыс уақыты таңғы 08:00-де басталды. Бұл шешім халықпен бірге талқыланып, ортақ келісіммен қабылданды. Жергілікті тұрғындар бұл бастаманы қолдады, өйткені таңертең бәрі ерте тұрады, ал кешкі уақытты отбасы мен тұрмыстық шаруаларға арнауға мүмкіндік туады», – деп түсіндірді Марқакөл ауданы әкімдігінің өкілі.
Айта кетейік, мұндай тәжірибені алғаш болып қаңтардың басында Катон-Қарағай ауданы енгізген болатын. Қазір 17 ауылдың тұрғындары жаңа кестеге сәйкес жұмыс істейді: бес күндік жұмыс аптасы бар мекемелерде жұмыс 08:00-ден 17:30-ға дейін жалғасады, түскі үзіліс 12:00-ден 13:30-ға дейін белгіленген.
2024 жылғы 1 наурыздан бастап Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Ал 7 маусымда бұл өзгерістің күшін жою туралы петиция жарияланып, қажет 50 мың қол жиналғанымен, бастама қабылданған жоқ.