Шымкент әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек білім мекемелерін қорқытып, ақша талап ететін блогерлерді жауапқа тарту керек деп мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әкім орынбасарының айтуынша, қаладағы кейбір блогерлер мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілерінен ақша бопсалауды әдетке айналдырған.
«Қазір өзін «блогермін» деп жүргендердің арасында білім беру мекемелерінен кемшілік іздеп, оны жариялаймын деп қорқытып, ақша талап ететіндер көбейді. Олардың ісі көпшілікке де аян. Білім мекемелерінің басшылары әлеуметтік желіде теріс ақпарат тарап кетеді деп қорыққаннан олардың айтқанына көніп келген», – дейді ол.
Сәрсен Құранбек білім мекемелеріне қысым жасаушы блогерлермен күресті күшейтетін уақыт жеткенін атап өтті.
«Қорқудың қажеті жоқ. Егер осындай қысымға тап болсаңыз, блогерлерге ештеңе бермеңіз. Жариялай ма – жарияласын. Артынша бірден сотқа жүгініңіз. Бопсалаушылар заң алдында міндетті түрде жауап беруі тиіс. Мұндай оқиғалар Павлодарда да, Алматыда да болған. Қазір қоғам мұны қолдайды», – деді әкім орынбасары.
Еске сала кетсек, биыл қаңтар айында Алматыда мектептерден ақша бопсалаған блогерлер ұсталған болатын. Олар білім мекемелерінің басшыларынан 10 миллион теңге алып жатқан жерінде қолға түскен еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

