Шымкент тұрғындары туралы лас пікір білдірген әйелдің үстінен сотқа арыз берілді деп хабарлайды Ertenmedia.
Жұрттың ашуына тиген атышулы видеода Шымкент мәслихатының төрағасы Бахадүр Нарымбетовтің қабылдауында болған Ақмола облысының тұрғыны оңтүстік жұртын «оңбаған, өтірікші, суайт, аферист» деп тілдейді.
Депутат оған ескерту жасағанымен, әлгі әйел айтқанынан танбай «жұртшылық сөй дейді» деп жағдайды ушықтыра түскен.
Осыдан кейін журналист Ержан Мұқаш пен адвокат Бақыт Өсетов әлгі азаматтың үстінен сотқа арыз түсіргені белгілі болды.
«Әлгі әйелдің айтқанынан естіп, ашуға булықтық. Шымкенттіктердің ар-намысына тиетін мұндай жөнсіз пікірге тосқауыл қою керек. Екі ел ауызға төрт елі қақпақ. Қаламызға сырттан келген адамның пікірі әдетте, кері қарай өзгеріп жатады. Шымкент халқының қонақжайлығын, мәдениетін көргенде бұлайша былапыт сөйлемес еді. Адвокатпен ақылдасып, сотқа арыз беруді жөн санадық», – дейді журналист.
Заңгерлердің айтуынша, әйелдің әрекеті Қылмыстық кодекстің 174-бабы («алауыздық қоздыру») және Әкімшілік кодекстің 73-3-бабына («қорлау») сай келеді.
«Ешкім де адамның тегіне, мекеніне қатысты кемсітуге, балағаттауға жол бермеуі тиіс. Шымкенттің қазақылықтың қаймағын сақтап отырған жер», – деп жазып жатыр өз кезегінде желідегі қауым.
Ал атышулы видеоның кейіпкері әлемжеліде блог жүргізеді екен. Бұған дейін ол Шымкенттегі саябақты жөндеу жұмысына қатысты сын айтқан.